Елордада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара аясында Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала аумағында кешенді рейдтік және профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Полиция жасақтарының патрульдеуі күшейтіліп, қоғамдық орындар мен азаматтар көп шоғырланатын аумақтар тексерілуде.
Негізгі назар қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және жолын кесу, көші-қон заңнамасының талаптарын бақылау, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері елордада 1200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 97 әкімшілік материал рәсімделді.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 22 адам жауапкершілікке тартылып, 20 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Полиция тұрғындар мен қала қонақтарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға және құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлауға шақырады. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік.