"Жілік сындырудан" республикалық чемпионат өтеді

"Жілік сындырудан" республикалық чемпионат өтеді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана күніне орай 4 шілде күні елордада қазақтың көне ұлттық ойындарының бірі – «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жарыс Астана қаласындағы «Ұлытау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (Баршын көшесі, 30/2) ұйымдастырылады. Чемпионаттың ашылу салтанаты сағат 11:00-де басталады.

Додаға Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының спортшылары қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Қарулы Күштері командалары да өзара бақ сынайды.

Жарысқа әртүрлі жас санатындағы қатысушылар қатысып, білек күші мен төзімділіктерін көрсетеді. Қатысушыларды тіркеу жарыс өтетін күні сағат 10:00-де басталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жілік сындыру – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Оның мәні – жілік сүйегін қолдың күшімен сындыру. Бұл сайыс қатысушылардан күшті, төзімділікті және шеберлікті талап етеді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады.