Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш әлем чемпионаты өтті. Тарихи додаға әлемнің 38 елінен 690-ға жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Әлемдік додада Астана қаласының спортшысы Батихан Айкөркем жоғары нәтиже көрсетіп, жекелей сайыста бір алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, елордалық мерген 30 метр қашықтықта жамбы нысанасына садақ атудан қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Осылайша, Батихан Айкөркем дәстүрлі садақ атудан тұңғыш әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді.

Сонымен қатар, ол 70 метр қашықтықта пута нысанасына садақ атудан күміс жүлдеге ие болды.
Нәтижесінде, астаналық спортшы әлем чемпионатында екі мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан құрамасының жүлде қоржынына елеулі үлес қосты.