Зиялы қауымды біріктірген бәсеке

Зиялы қауымды біріктірген бәсеке
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Республика күніне орай Elorda Aqparat медиахолдингінің дәстүрлі бильярд турнирі бесінші рет ұйымдастырылды. Дәстүрлі додаға медиахолдинг қызметкерлері, басылым ардагерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, өзара бақ сынады.

Турнирдің басты мақсаты – әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, аға буын мен жас ұрпақтың сабақтастығын жалғастыру, өзара сыйластықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Жарыстың ашылу салтанатында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков қала әкімдігі атынан құттықтау сөз сөйлеп, мұндай игі бастамалардың қоғамдағы ынтымақ пен өзара байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.

Классик жазушы Төлен Әбдік қатысушыларға ақ батасын беріп, жарысқа сәттілік тіледі. Ол адамдардың жиі жүздесіп, пікір алмасуы мен қуанышты бірге бөлісуі сыйластық пен бауырмалдықты арттыратынын жеткізді. Сондай-ақ осындай басқосулардың үлкен мен кішіні жақындастырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға ықпал ететінін атап өтіп, еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуын тіледі.

«Адамдардың бас қосып, араласып, бір-бірімен пікірлесіп, қуанышты бірге бөлісуінде үлкен мән жатыр. Адамдар бір-бірін көріп, араласып тұрмаса, сыйластық пен бауырмалдықтың қадірі де кемиді. Осындай іс-шаралардың арқасында үлкен мен кіші жақындасып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасады. Бүгін сіздермен жүздесіп, Республика күні қарсаңындағы мерекелік іс-шараға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» деді жазушы.

Elorda Aqparat медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбек қатысушыларды құттықтап, «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің тарихына тоқталды. Биыл қос басылымның жарық көре бастағанына 36 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен құрдас газеттер осы уақыт ішінде елорданың қалыптасуы мен дамуын, қаланың тыныс-тіршілігін оқырманға жеткізіп келеді. Олжас Сыдықбек басылымдардың қалыптасуына үлес қосқан алғашқы редакторлар мен журналистердің еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтып, бүгінгі редакция ұжымы сол дәстүрді жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ мерейтой аясында ұйымдастырылған турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Дәстүрлі жарыстың өтуіне кәсіпкер, BELES құрылыс компаниясының бас директоры Махат Төрәлі де қолдау көрсетті. Ол мұндай басқосулар адамдардың өзара араласуына, ортақ мақсат төңірегінде топтасуына және ауызбіршілікті нығайтуына мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен руханиятты дәріптеудің маңызын атап өтіп, қазақ руханиятын қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Толқын Табысбек иеленсе, екінші орын Ахмет-Әлі Саққа, үшінші орын Бауыржан Қарағызұлына бұйырды.

Бұдан бөлек, Әлихан Бөкейхан атындағы арнайы сыйлық Төлен Әбдікке, ал Мұқағали Мақатаев атындағы арнайы сыйлық белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевқа табысталды.

Сонымен қатар қатысушылардың шеберлігі мен ойын ерекшеліктері ескеріліп, арнайы аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік комбинация» аталымы Әлімжан Сабыржанұлына, «Алғашқы шар» Айтмұхамбет Есдәулетовке, «Мерген ойыншы» Базарбек Түкібаевқа, «Үздік соққы» Ғалым Омархановқа, «Үздік дуплет» Ерлан Омаровқа табысталды. Ал «Мәдениетті ойыншы» аталымын Дархан Мыңбай, «Шебер ойыншы» аталымын Кенже Жұмағұлов, «Епті ойыншы» аталымын Асқар Ахметов, «Үздік серия» аталымын Дәулеткерей Кәпұлы, «Тосын нәтиже» аталымын Талғат Ешенұлы иеленді.