Өңірлер дамуының жаңа кезеңі

Өңірлер дамуының жаңа кезеңі
фото: жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында заманауи инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2027 жылды Жаппай жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс маңызды бағдар қалыптастырады. Оның негізгі мәні – елдің дамуы тек елорда мен ірі қалаларда ғана емес, әрбір елді мекенде де айқын көрініс табуы тиіс.

Өңірлерді дамыту және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі Халық Кеңесі комитетінің төрағасы ретінде мен үшін қойылған міндеттердің нақты нәтижелермен жүзеге асырылуы айрықша маңызды. Азаматтар елдің дамуын ең алдымен күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер арқылы бағалайды. Бұл – жолдардың жағдайы, мектептер мен ауруханалардың қолжетімділігі, жұмыс орындарының болуы, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай және жайлы өмір сүру ортасы. Қоғамның өзгерістерге деген сенімі осындай күнделікті тіршіліктегі нақты нәтижелер арқылы қалыптасады.

Жолдарды, өнеркәсіп кәсіпорындарын, мектептерді, медициналық мекемелерді, әуежайларды, спорт және мәдениет нысандарын салу мен жаңғырту, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі жоспарлар өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. 8 перинаталдық орталық, 7 балалар ауруханасы мен Астанадағы 2 медицина нысанының құрылысына ерекше назар аудару қажет. Өйткені бұл жобалардың әрқайсысы отбасылардың нақты қажеттіліктерімен, балалардың денсаулығын қорғаумен және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырумен тікелей байланысты.

Сондай-ақ Көкшетау – Петропавл автожолын кеңейту және 2027 жылы барлық автомобиль өткізу пункттерін реконструкциялауды аяқтау жөніндегі тапсырмалардың маңызы зор. Дамыған көлік инфрақұрылымы бұл тек қатынаудың қолайлылығы ғана емес. Ол өңіраралық байланыстарды нығайтуға, бизнестің мүмкіндігін кеңейтуге, сауданы дамытуға және жергілікті қауымдастықтардың елдің экономикалық өміріне белсенді араласуына ықпал етеді.

Ауқымды жоспарларды іске асыру барысында тұрғындардың нақты сұраныстары мен қажеттіліктері ескерілуі керек. Жеке инвестицияларды тиімді тарту, белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету, жұмыстардың сапасын бақылау және жобалардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Экономиканы цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізу де еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс.

Күшті өңірлер жергілікті ерекшеліктер мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып шешім қабылданатын, ал атқарылған жұмыстың нәтижесі нақты көрініс табатын жерде қалыптасады. Сондықтан бүгінгі таңда жетістікті тек салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың адамдарға қандай жаңа мүмкіндіктер беретінімен, өмір сүру сапасын қаншалықты арттыратынымен және аумақтардың тұрақты дамуына қалай ықпал ететінімен бағалау маңызды. Осындай ұстаным ауқымды мемлекеттік бастамаларды Қазақстанның әрбір өңіріндегі нақты өзгерістерге айналдыруға, азаматтардың сенімін нығайтуға және еліміздің одан әрі дамуы үшін берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Табиғат ЗЕЙНҰЛҚАБДЕН,

Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы: