ЖИ және журналистика

ЖИ және журналистика
фото: fledu.uz

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Жарлық аясында цифрландыруды одан әрі дамыту, жасанды интеллект технологияларын жаппай ендіру, кадрлар даярлау және ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту сияқты ауқымды шаралар жүзеге асырылады. Осы үрдіс журналистиканың болашағына қалай әсер етпек? ЖИ ақпараттық қауіп пе, әлде жұмысты жеңілдететін шығармашылық құрал ма?

“Qazcontent” акционерлік қоғамының ЖИ маманы Аршат Ораз жасанды интеллект пайда болғалы бері, ол журналистика саласына да біраз пайдасын тигізіп отырғанын айтады.           «Мәселен, біздің ұйымда 5 редакция жұмыс атқарады, бүгінде оларға ЖИ модельдерін енгізіп, оны фотоны өңдеуде, дизайн жасауда және фактчекинг кезінде көмекші құрал ретінде қолданып жатырмыз. Ең алдымен, бұл уақыт үнемдеп, журналистерге эксклюзив жаңалықтарға көбірек басымдық жасауға мүмкіндік берсе, екіншіден маман тапшылығын да азайта алады. Яғни, жасанды интеллектінің өзі емес, оны жақсы меңгерген, заман ағымына сай қызмет атқаратын журналист қана болашақта жоғары сұранысқа ие бола алады» – дейді А.Ораз.

 Расында, бүгінде жоғары сұранысқа ие, білікті маман болып қалыптасу үшін, ЖИ сияқты жаңа технологияларды меңгеріп, жобаларда көмекші құрал ретінде пайдаланған жөн. Тек тұтас бір мақала, сценарий немесе ғылыми жұмыс жазуды ЖИ-ге сеніп тапсырмаған дұрыс. Себебі, жасанды интеллект журналисті толық алмастыра алмайды. Ол адамның эмоциясын, қоғамның көңіл күйін, мәдени ерекшеліктерін және оқиғаның астарлы мағынасын терең түсіне бермейді. Кейбір жағдайда ЖИ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді де ұсынуы мүмкін. Егер журналист мұндай ақпаратты тексермей жарияласа, қоғам жалған ақпаратқа сеніп қалу қаупі артады. Сондықтан кез келген материалды жарияламас бұрын дереккөздерді тексеру – журналистің басты міндеті болып қала береді.

Журналистиканың негізі – тек ақпарат тарату емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және орындау. Кәсіби журналист ақпараттың дәлдігін тексеріп, бірнеше дереккөзге сүйенеді, мәселенің екі жағын да талқылайды және этикалық қағидаларды сақтайды. Ал жасанды интеллект мұндай моральдық жауапкершілікті өз мойнына ала алмайды. Ол тек берілген алгоритм бойынша жұмыс істейтін құрал ғана. Жасанды интеллект жылдамдық пен өнімділік жағынан адамнан әлдеқайда тиімді, журналист болса шығармашылық, сыни ойлау, адамдармен қарым-қатынас орнату және маңызды сұрақтар қою қабілеті арқылы ерекшеленеді. Демек, бұл екі тарап бір-біріне бәсекелес емес, олар әрдайым бірін-бірі толықтырып отырады.

Жасанды интеллект – заман талабы, ал журналистика – қоғамның айнасы. Бірі жылдамдық пен тиімділікті қамтамасыз етсе, екіншісі жауапкершілік пен сенімділіктің негізін қалайды. Демек, болашақта журналистиканың басты мақсаты технологияға тәуелді болу емес, оны қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану. Себебі ақпараттың құндылығы оны қаншалықты тез жеткізуде емес, оның неғұрлым шынайы әрі сенімді болуымен бағаланады.

Айша ӘУЕСБАЙ,

Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясының түлегі