Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында «Тілдер және мәдениетаралық коммуникация: жасанды интеллект қарым-қатынасымызды қалай өзгертеді?» тақырыбында дәріс өтті. Спикер ретінде лингвист, синхронды аудармашы, тіл үйрену әдістемелерінің авторы, Мәскеу практикалық лингвистика академиясының президенті, MNU ассистент-профессоры Дмитрий Петров аталмыш тақырып бойынша ойларымен бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Жасанды интеллект қазіргі қоғам өмірінің барлық саласына әсер етіп отыр. Оның ықпалы адамдар арасындағы қарым-қатынастан да, мәдениетаралық байланыстан да байқалады. Адамдардың айналадағы әлемді қабылдау тәсілі мен ақпарат алмасу жүйесі қарқынды өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістер тіліміз бен мәдениетаралық қарым-қатынасымыздан тікелей көрініс табады» деді Дмитрий Петров.
Дәрісте осы өзгерістер адамдардың қарым-қатынасын қалай түрлендіріп жатқаны, қандай мүмкіндіктер ашатыны және қандай қиындықтар туғызатыны талқыланды.

Бір айта кетерлігі, Дмитрий Петров 30-дан астам тілді біледі. Соның ішінде қазақ тілі де бар. Тілші ғалым осы тілдерді үйретумен айныласады. Атап айтқанда «Тілашар ENTER» телевизиялық жобасы аясында қазақ тілін үйрету бойынша мотивациялық курстарды өткізген.