Cтуденттер «Атау кере» повесі бойынша спектакль сахналады

Cтуденттер «Атау кере» повесі бойынша спектакль сахналады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Сервис және туризм колледжінің студенттері жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесінің желісі бойынша спектакль сахналады. Қойылымда жастар арасындағы зиянды әдеттер, тәуелділік, адамгершілік құндылықтар мен жеке жауапкершілік мәселелері көтерілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спектакльді колледж жанындағы студенттік театр дайындаған. Театр жетекшісі Әлімжан Біржанұлы шығарманы сахнаға бейімдеп, оқиға желісін бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелермен байланыстырған.

Қойылымда ішімдікке тәуелділікпен күрескен басты кейіпкер Тағанның тағдыры суреттеледі. Оның өміріндегі өзгерістер арқылы адамның ерік-жігері, жақындарының қолдауы және зиянды әдеттерден арылудың маңызы көрсетіледі.

«Бұл – философиялық ой қозғайтын шығарма. Онда көтерілген мәселелер бүгін де өзекті. Бұрын ішімдікке тәуелділік кеңінен айтылса, қазір энергетикалық сусындар, есірткі және құмар ойындарға әуестік те алаңдатып отыр. Қойылым арқылы жастарға ерік-жігерін жоғалтпай, дұрыс таңдау жасаудың маңызын жеткізгіміз келді», – деді театр жетекшісі Әлімжан Біржанұлы.

Спектакльде Нүрке шешейдің рөлін колледждің бірінші курс студенті Кәусар Сапарәли сомдады. Бұл – оның театр сахнасындағы алғашқы рөлі.

«Кейіпкерді түсіну үшін алдымен шығарманы толық оқып шықтым. Дайындық бір-екі айға созылды. Қойылым арқылы жастарға зиянды әдеттерден аулақ болып, ата-ананың қадірін түсіну керектігін жеткізгіміз келді», – деді студент.

Қойылымның ерекшелігі - сахналық көріністерді дайындауда жасанды интеллект технологияларының қолданылуы. Оның көмегімен шығармадағы оқиғалар өтетін орта мен дәуір ерекшеліктері бейнеленген.

Колледж директоры Салтанат Басығараеваның айтуынша, студенттік театр үш жылдан бері жұмыс істейді. Өткен жылы жастар Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасын сахналаған.

«Театрдың мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту және кітап оқуға қызығушылығын арттыру. Бұл жұмыс елімізде жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» бастамасымен үндеседі. Кітап оқу жастарды терең ойлауға, оқығанын талдауға және өз көзқарасын қалыптастыруға үйретеді», – деді колледж директоры.

Бүгінде колледжде 26 жоба жүзеге асырылып жатыр. Студенттік театр - жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалардың бірі.