Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Есірткі айналымын бақылау жөніндегі бас басқармасы өкілдерінің екіжақты жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған екіжақты уағдаластықтарды іске асыру аясында ұйымдастырылды. Тараптар есірткінің заңсыз айналымына қатысты өзекті қауіп-қатерлерді талқылап, трансшекаралық есірткі тасымалына, синтетикалық есірткілердің таралуына және интернет-ресурстардың қылмыстық мақсатта пайдаланылуына ерекше назар аударды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі есірткі құралдарын, прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды жеткізу арналарының жолын кесу бойынша бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру болды. Қатысушылар жедел ақпарат алмасу, бірлескен іс-шараларды үйлестіру, сондай-ақ есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен оған қатысы бар адамдарды анықтау үшін заманауи ақпараттық-талдамалық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Құқық қорғау ведомстволарының өкілдері есірткі қылмысының трансұлттық сипаты келісілген іс-қимылды, деректермен уақтылы алмасуды және туындайтын қауіп-қатерлерге жедел ден қоюды талап ететінін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленіп, оларды іске асырудың нақты практикалық шаралары айқындалды.