Әкелер форумында бала тәрбиесі мәселесі көтерілді

Әкелер форумында бала тәрбиесі мәселесі көтерілді
фото: polisia.kz

Елордада жауапты ата-ана болу және балаларды есірткі қаупінен қорғау мәселелеріне арналған әкелер форумы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара International Steppe School of Astana филиалында ұйымдастырылып, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге назар аударуға бағытталды. Форумға ҚР ІІМ, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің өкілдері, Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ елордалық полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.

Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алудағы отбасының рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға балалармен сенімді қарым-қатынас орнатудың, олардың мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерді дер кезінде байқаудың, сондай-ақ жасөспірімдердің өз болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді. Форумда әкелер де сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі жеке үлгінің, өнегенің және ата-ананың бала өміріне белсенді араласуының маңызы туралы өз ойларымен бөлісті. Ашық диалог форматында пікір алмасып, өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Мұндай кездесулер полиция, қоғам және ата-аналар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Өйткені балаларды есірткі қаупінен қорғау, ең алдымен, отбасынан басталады. Ол үшін балаға көңіл бөлу, сенім арту, дұрыс тәрбие беру және оның айналасындағы ортаға бейжай қарамау аса маңызды.