ЖИ мен құқық

ЖИ мен құқық

Соңғы кездері жасанды интеллект еліміздің құқық қорғау саласына тереңдеп енгізіле бастады. Өйткені ол ЖИ технологияларының көмегімен жасалатын қылмыстарды ашу мен тергеуге ғана емес, олардың алдын алуға көмектеседі. Мұндай тәжірибе қарапайым азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және профилактиканы тиімді жүргізуге септігін тигізеді. Ішкі істер министрлігі бұл жұмысты «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң шеңберінде жүргізеді. Құзырлы ведомство басшысы Ержан Сәденов ең алдымен профилактиканың жаңа субъектілерін және қоғамды жұмылдыруға, қылмысты болдырмауға ерте ден қоюға, адамдармен жеке жұмысты күшейтуге, кәмелетке толмағандар және тұрмыстық зорлық құрбандарының құқықтарын қорғауға баса назар аударылатынын түсіндіріп берді. Негізгі жобалар қатарында Ұлттық бейнемониторинг жүйесі, бейне талдауды қолдану, жол қауіпсіздігі және көші-қонды бақылау салаларын жетілдіру бар.

Жүйе болмаса, пайда жоқ

Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқтығын қадап айтты. «Осы орайда мемлекеттік сервис­терді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді» деді жиында Президент. Расында да мемлекеттік сервистердің жұмысын айна-қатесіз көшіріп алып, өңдегеннен кейін қаржылық сауаты жоқ адамдарды алдау оп-оңай. Мемлекет басшысы операциялық жүйе дегенде бір жерге шоғырланған «ақылды» шешімдерді меңзегені мәлім.

Мәселен, жақында Ұлттық банк қаржылық алаяқтықты 90 пайызға дейін дәлдікпен анықтап-талдауға мүмкіндік беретін ЖИ көмегімен әзірленген қанатқақты жобаны жұртқа таныстырды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жасанды интеллект транзакцияларды 90 пайыз дәлдікпен талдап, құқық қорғау органының қызметкеріне көмектеседі.  Қазіргі кезде бұл жобаны Ұлттық банк ІІМ-мен бірге сынақтан өткізіп жатыр. Егер жоба нәтижесі оң болса, отандық қаржы саласына енгізіледі.

GITEX AI Central Asia & Caucasus 2026 халықаралық технологиялық көрмесінде Мемлекет басшысына банк жүйесіндегі басқа да жобалар жөнінде мәлімет берілді. Олар реттелетін, ашық және ауқымды цифрлық активтер экожүйесін құруға, инфрақұрылымды (крипто хаб) дамытуға және халық пен бизнеске қызметтердің толық спектрін ұсынуға бағытталған. Цифрлық активтер нарығын дамыту аясында Қазақстан қор биржасында (KASE) токен түрінде қаржы құралдарын шығару қарастырылып жатыр.

Қаржы саласындағы қылмыстардың көпшілігі алаяқтардың аңқау адамдарға қоңырау соғуынан басталатынын білеміз. Бұдан былай мұндай қоңырауларды ЖИ-ассистент реттейді. Мемлекет басшысына халық­аралық көрмеде таныстырылған Al-Farabium суперкомпьютерінің мүмкіндіктері мен оның базасында іске асырылған ондаған жобалардың берері мол. Мәселен, «Қазақтелеком» АҚ байланыс орталығының тұтынушылар шағымын оператордың қатысуынсыз өңдейтін ЖИ-ассис­тентін алайық. Бұл цифрлық шешім қоңырауды заңды тұлға немесе алаяқ шалғанын анықтап, оны антифрод колл орталыққа жібереді. Осылайша, құқық қорғау органдарына ақпарат беруге көмектеседі.

«Astana Smart City»: құқықтық шешім

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Astana Smart City» стратегиялық жобасын ресми түрде іске қосты. Осылайша бас қаламыз цифрлық трансформацияның маңызды кезеңіне қадам жасады. Сол күннен бастап Астана әкімдігі қаланы деректерге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарына негізделген жаңа басқару моделіне көшіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Astana Smart City»-дің негізгі мақсаты – қаланың маңызды жүйелерін бірыңғай интеллектуалды платформаға біріктіру арқылы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру. Мұндай цифрлық экожүйе қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде талдауға, түрлі оқиғаларға жедел әрекет етуге және басқаруға қатысты шешімдерді дәл қабылдауға мүмкіндік береді. «Жобаның негізгі элементтерінің бірі – заманауи дата-инфрақұрылымды қалыптастыру. Елорда қажеттілігі үшін 100 серверлік сөреге есептелген дербес Деректерді өңдеу орталығы құрылды. Жаңа орталық қаланың цифрлық сервистерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, үлкен көлемдегі ақпаратты сенімді сақтауға және өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді одан әрі енгізуге технологиялық негіз қалыптас­тырады. Өз инфрақұрылымының болуы қалалық ақпараттық жүйелердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға жол ашады» деп түсіндірді жаңалықты Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық.

Жоба аясында бейнебақылау және талдау жүйесі де белсенді дамып келеді. Қазір жасанды интеллектпен жабдықталған 60 мыңнан астам камера біріктірілген. Технологиялар өрт, түтін, қараусыз қалған заттар, төбелес, агрессивті әрекеттер және басқа да қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтердің әрекет ету уақытын жеделдетіп, қауіп-қатерді азайтады. Жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. 1 200  кешен жол қозғалысы ережелері бұзылған 15 құқық бұзушылық іс-қимылдарды тіркейді. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану және жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді құқық бұзушылықтар бар. Ахуалдық орталық барлық қалалық жүйеден келіп түсетін деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай үйлестіру торабына айналған. Қандай да бір оқиға болған жағдайда ақпарат автоматты түрде тиісті қызметтерге жолданып, әрекет ету уақытын қысқартып, адами фактордың ықпалын азайтады.

«Astana Smart City» жобасы елорданы проактивті басқару жүйесіне көшіреді. Бұл тәуекелдерді алдын ала анықтап, шешімдерді деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары үшін қауіпсіздік деңгейі артып, қызметтердің жеделдігі күшейеді, көлік және коммуналдық үдерістер мен қалалық ортаның сапасы жақсарады. Алдағы уақытта платформаны одан әрі дамыту, сервистер мен бейнеталдау жүйелерін біріктіру жоспарланып отыр. Жоба – қауіпсіздікке, жайлылыққа және тұрақты дамуға бағытталған заманауи цифрлық астананы қалыптастырудың негізгі элементтерінің бірі» дейді құзырлы басқарма өкілі.

ChatGPT-мен жаза алмайды

Қазақстандық студенттер бұдан былай курстық, диссертациялық жұмыстарын ЖИ көмегімен жаза алмайды. Олардың жазған жұмысын тексеретін жаңа антиплагиат жүйесі енгізілмек. Мұндай жаңалықты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында жария етті. Құзырлы ведомство басшысы курстық, диссертациялық жұмыстарды жазу кезінде технологияларды қолдануға қатысты нақты ережелер енгізілетінін мәлімдеді. «Біз алгоритмдер арқылы жасалған мәтіндерді анықтай алатын жаңа антиплагиат жүйелерін жасап жатырмыз. Университеттердің жазылған жұмыстардың сапасын бақылауды күшейтіп, осындай материалдарды қабылдамауға немесе диссертацияның күшін жоюға құқығы болады» деп түсіндірді министр.

Жоғалған адамды ЖИ табады

Жасанды интеллект қазақстандық құқық қорғау органдарына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Мәселен, Астана және Шығыс Қазақстан облысында құқық бұзушылықтарды анықтауға, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды табуға көмектесетін талдамалық модульдер енгізілді. Осы шешімді әзірлеушілердің пікірінше, ақпараттық жүйені денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда енгізуге болады. «Біз – қазақстандық бағдарламалық жасақтама әзірлеушілеріміз. Біз ЖИ технологиясын қолданатын интеллектуалды бейнебақылау платформасын дайындадық. Оның басты артықшылығы – кіріктірілген бейне-аналитикалық модульдері бар бейнебақылауды басқару жүйесі саласындағы шешім: бет-әлпетті тану, көлікті тану, сондай-ақ ситуациялық сараптама. Біздің сараптамалық модульдеріміз жасанды интеллект технологиясына, нейрондық желілерді оқытуға негізделген. Біздің бағдарламалық жасақтама ұсынатын функционалдылық – бұл құқық бұзушылар мен хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуді қоса алғанда, қоғамдық тәртіпті тікелей қамтамасыз ету. Дегенмен, біздің жүйенің функционалдығы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар жер қойнауын пайдалану, денсаулық сақтау, білім беру салаларында да қолдануға болады. Жасанды интеллектіге негізделген бейне-аналитика барлық жерде қолданылады» деп түсіндірді технологиялық жаңалықты Cerebro іnovation tecnology's бас директоры Вячеслав Пак.

Жүргізуші куәлігін алу рәсімі өзгереді

Елімізде жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыру мерзімін шектеусіз етіп белгілеу ұсынылып отыр. Мәселен, мамандар арасына 10 күн салып ақылы түрде бірнеше мәрте емтихан тапсыруды енгізуге болатынын айтуда. Қазіргі кезде тегін емтихан тапсыру үшін үш мәрте рұқсат беріледі. Соның ішінде екеуі арасына уақыт салып, бір күнде тапсыратын емтихан, үшіншісі – 30 күннен кейінгі емтихан. Осы сынақтарда емтиханды сәтті тапсыра алмағандар қайтадан оқуға мәжбүр болады.

Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығында (ҰТО) қанатқақты жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның аясында теориялық емтиханды тапсыруға заманауи технологиялар сынақтан өткізіледі. ҰТО емтиханмен бір мезгілде емтихан сынақтарының көлікті қауіпсіз жүргізуге қажетті білім мен дағдыны дәлме-дәл көрсете алатынына зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарға енгізілген. Атап айтқанда, практикалық сабақта автоматтандырылған бақылау жүргізетін кезде теория­лық емтиханды компьютердің көмегімен тапсыратын адамның білім-білігін жасанды интеллект бағалайды. Бұған қоса, жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық жүйелерді қорғау іс-шаралары күшейтіледі. Бұл қызмет түрін аса маңызды құжаттар алу тізіміне кіргізу ұсынылуда. Яғни, куәлік беруді заңсыз табыс табу түріне айналдырған адамдардың жауапкершілігін күшейту үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату ойластырылуда. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға «көмек беретін» адамдарды да қатаң жазалау қажеттілігі айтылуда. Бұл жерде қызметі лицензияланбайтын жекеменшік автомектептерге қойылатын талаптарды да күшейту деген мәселе бар.