Ұстаз өнегесі өшпейді

Ұстаз өнегесі өшпейді
фото: Қалиақбар Үсемханұлы

15 тамыз – қазақ әдебиетінің тарихын, әдеби сынын, әдебиеттану ғылымын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының туған күні. Осыған орай Қазақстан Республикасының академиялық кітапханасында ғалымның есімі берілген залда ғалымның мұрасын зерделеуге арналған семинар өтті.

Тағылымды басқосуға ғалымның шәкірттері, әдебиеттанушылар мен зерттеушілер, сондай-ақ Тұрсынбек Кәкішұлының көзін көріп, сөзін естіген зиялы қауым өкілдері қатысты. Семинар барысында ғалымның ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі, әдеби сын тарихын зерттеудегі еңбегі, қалыптастырған ғылыми мектебі мен ұстаздық өнегесі сөз болды.

– Тұрсынбек Кәкішұлы – ұлттық әдебиеттану ғылымындағы бірегей тұлға. Кеңес кезеңінде әдебиетті ұлттық тұрғыдан зерттеу оңай болған жоқ. Маркстік методология мен еуроцентристік таным үстемдік еткен уақытта Тұрсынбек Кәкішұлы ғылыми ізденіс арқылы осы қасаң шеңберлерді бұзып, ұлттық әдебиеттанудың өзекті мәселелерін ғылыми негізде зерделеді. Тұрсынбек Кәкішұлы – қазақ ғылымына талаптанып келген талай жасқа өз мейірімін, ұстаздық шапағатын төккен, қамқорлық көрсеткен жан. Сондықтан ғалымның есімі ғылыми еңбектерімен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерімен, қалыптастырған мектебімен де жалғасын тауып келеді. Ғалымның ғылыми мектебінен түлеп шыққан зерттеушілер әдебиеттанудың әртүрлі бағыттарын дамытып, ұстазы бастаған ғылыми ізденістерді жалғастыруда. Әдебиеттану ғылымының тарихы, әдеби сынның әр кезеңі мен көрнекті тұлғалардың шығармашылығы жөніндегі зерттеулердің қалыптасуына да ғалымның ықпалы зор болды, – деді ол.

Келер жылы Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 100 жыл толады. Айтулы датаға орай ғалымның ұлттық руханиятқа, мәдениет пен ғылымға сіңірген еңбегін жан-жақты зерделеуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.

Тұрсынбек Кәкішұлы Ақмола өңірінде дүниеге келіп, балалық шағын осында өткізген. Сондай-ақ кезінде өңірдің мәдени өмірімен тығыз байланысты М.Горький атындағы театрда еңбек еткен. Ғалымның «1944-1945 жылдары Ақмоланың Максим Горький театрының сахнасында «Капитан Тузов» деп аталатын орысша пьесада ойнадым. Сәкенді өміріме серік еткенім театрдан басталды» деген сөзі – соның дәлелі.