Зейнеткерлерге әлеуметтік желіні қалай қолдану керектігі үйретілді

Зейнеткерлерге әлеуметтік желіні қалай қолдану керектігі үйретілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ұлттық волонтерлік желінің еріктілері орталық қатысушыларына «Әлеуметтік желілерді қолдануды үйрену» тақырыбында танымдық дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Дәріс барысында қатысушылар WhatsApp, Instagram және Telegram әлеуметтік желілерін тиімді әрі қауіпсіз пайдаланудың негізгі жолдарымен танысты.

Сондай-ақ, киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Еріктілер интернет-алаяқтарды қалай тануға болатынын, күмәнді сілтемелерге өтпеудің және бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді бермеудің маңыздылығын түсіндірді.

Дәріс орталық қатысушыларының қызығушылығын тудырды. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заманауи цифрлық технологияларды қауіпсіз әрі сенімді пайдалану бойынша пайдалы кеңестер алды.