"Таза Қазақстан" - тартымды жоба

"Таза Қазақстан"  - тартымды жоба
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды қайта өңдеуге жинайтын «Sparklo» фандоматтар желісін дамытуға арналған баспасөз туры өтті. Жоба «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Zero Waste» компаниясымен серіктестікте, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Іс-шара барысында БАҚ өкілдері фандоматтардың жұмысымен, қайталама шикізатты автоматтандырылған түрде қабылдау жүйесімен және тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға ынталандыру тетіктерімен танысты.

«Sparklo Kazakhstan» компаниясының бас директоры Татьяна Ашрафзянованың айтуынша, жоба тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қалдықтарды қайта өңдеуге тартуға бағытталған. Фандоматтар пайдаланылған пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды қабылдап, оларды кейінгі өңдеуге жіберуге мүмкіндік береді.

– Біздің жобамыздың сұранысқа ие болғаны қуантады. Астананың өзінде 2 миллионнан астам бөтелке мен құты жинадық. Ал еліміз бойынша қайта өңдеуге жіберілген өнім көлемі 5 миллионнан асты. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – тұрғындарды ынталандыру жүйесі. Пайдаланушылар тапсырған шикізаты үшін ұпай жинап, оны мобильді қосымшадағы сыйақыларға немесе серіктестердің бонустарына айырбастай алады, – деді Татьяна Ашрафзянова.

Оның сөзінше, жобаға балалардың қызығушылығы да жоғары. Ата-аналар балаларын фандоматтарға бірге ертіп келіп, қалдықтарды сұрыптаудың маңызын күнделікті өмірде үйретіп жүр. Бұл өз кезегінде экологиялық жауапкершілікті ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазір Қазақстан аумағында 53 фандомат орнатылған. Жобаға қатысушылар саны 100 мың адамнан асты. Астанада да фандоматтар желісі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Компанияның мәліметінше, серіктестермен бірлесіп, қалада 16-дан астам фандомат орнатылған. Қазіргі уақытта желіні кеңейту үшін жаңа серіктестер тарту жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның негізгі мақсаты – қалдықтарды қайтадан шаруашылық айналымына енгізу, қайталама шикізатты тиімді пайдалану, бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту және қайта өңдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру. Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар қалдық көлемін азайтып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да мүмкіндік береді. Пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды арнайы құрылғыларға тапсыру арқылы әр азамат қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алады.