Зейнеткерлер қайырымдылық концертін өткізді

Зейнеткерлер қайырымдылық концертін өткізді
фото: Сарайшық ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Бүгін «Жәрдем» орталығында жылулық пен мейірім сыйлаған кездесу кеші өтті. Атап айтқанда, халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай Сарайшық ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, қайырымдылық концертін ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жылы жүздесудің басты мақсаты – ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың жүрегіне қуаныш ұялату, мейірім мен ізгілікті насихаттау. Ізгі шараның ашылуында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров жиналғандарға жүрекжарды тілегін білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Ол мұндай кездесулердің адамдар арасындағы өзара түсіністік пен қолдауды арттырудағы маңызына тоқталып, шараға қатысушыларға алғысын білдірді.

Кеш барысында орталықтың өнерпаз ата-әжелері арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде қазақ вальсі, домбырамен орындалған күйлер шырқалып, сыған биі мен испан тангосы сияқты әсем музыкалық және би нөмірлері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрермендердің ыстық ықыласына бөленгендердің қатарында «Сарайшық сазы» ансамблі мен «Сырлы вальс», «Алтын саз» би топтарының өнерпаздары және жеке орындаушылар болды. Әрбір ән мен би үлкен дайындықпен орындалып, өнерпаздардың сахнаға деген сүйіспеншілігін аңғартты.

Қайырымдылық шарасы шығармашылықпен ғана шектелген жоқ. Кездесу барысында Алматы және Сарайшық аудандары бойынша еңбек терапиясы үйірмелеріне қатысатын әжелер өз қолдарымен жасаған картиналарын «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына сыйға тартты. Қолдан жасалған туындылар орталыққа ерекше жылылық пен әсемдік сыйлады.

Осындай кездесулер адамдарға қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, мейірімділік пен жанашырлықтың маңызын арттыратын тағылымды шара болды.