Есіл ауданы Ардагерлер кеңесі жыл бойы әр түрлі іс-шараларды өткізіп келеді. Жақында республикалық Ардагерлер кеңесінің қоғамдық көмекшілері Мұхтар Еркетаев және Павел Казанцевтің қатысуымен ауданның белсенді ардагерлері, топтары бас қосқан үлкен жиын өтті. «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында өткен жиында олар қазіргі қоғамда жас ұрпақты тәрбиелеу, болашаққа бағыт беру туралы басты-басты 7 мәселе бойынша пікірлерін ортаға салды.

Жиында "Үлкенге құрмет - ұлттық дәстүр", "Болашаққа – кітаппен", "Алтын Орда - тарихи сананың негізі және ата-баба аманаты", "Отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ажырасу мәселелері", "Дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік", "Жастар тәрбиесі: таза, адал адам қалыптастыру, қоршаған табиғатты сүйе білу, патриоттық тәрбие беру", зиянды әрекеттермен күрес, құмар ойындардың алдын алу тақырыптары сөз болды.

- Ұрпақтар сабақтастығы - ұлттың рухани тұтастығын сақтап, болашаққа бағыттайтын алтын көпір. Әрбір халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт дәстүрі, әдет ғұрпы, тілі мен ділі, мәдениеті мен тарихы - баға жетпес рухани қазынасы. Осы құндылықтарды кейінгі ұрпақтарға аманат етіп жеткізу - баршамыздың ортақ міндетіміз, қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды, ата-ананы құрметтеуді, елін сүюді, өмірлік ұстаным еткен. «Үлкенге құрмет- кішіге ізет», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген нақыл сөздердің астарында терең тәрбие, өмірлік мол тәжірибе жатқанын көрсетеді, - деді бірінші болып сөз алған Мұхтар Еркетаев.

Есіл ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Ш. Әбенқызы, белсенді ардагерлер Ө. Иманхожина, К.Жанұзақов, Б. Құлтанов, С. Сәмиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасына кеңірек тоқталып, өз ойларын білдірді, көптеген жанды мысалдар келтірді. Қатысушылар қоршаған ортаның тазалығымен қатар адам бойындағы ой, ниет, ар тазалығын меңзейтінін, өйткені таза адам жауапты, айналасына жанашыр, туған жеріне қамқор болатынын, осындай қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру аға буынның өнегесі арқылы жүзеге асатынын айтып, ой түйіндеді.
Өріс Яшүкірқызы,
Медиа топтың мүшесі