Жазғы Азия ойындарынан не күтеміз?

Жазғы Азия ойындарынан не күтеміз?
фото: qcf.kz

2026 жылдың басты спорт додаларының бірі – жазғы Азия ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Төрт жылда бір өтетін құрлықтық бәсекеде Қазақстан құрамасы үшін басты мәселе тек медаль саны емес. Бұл жарыс отандық спорттың қазіргі деңгейін бағалап, Лос-Анджелес Олимпиадасына қаншалықты дайын екенімізді де көрсетеді.

Биыл Қазақстан құрамасы Азия ойындарына 500-ден астам спортшымен қатысады. Жарыс Жапонияның Аичи-Нагоя өңірінде өтіп, 43 спорт түрінен 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандық спортшылар 35 спорт түрінде бақ сынайды. Құрлықтық додада бірнеше спорт түрі алғаш рет бағдарламаға енгізілді. Олардың қатарында ММА, падел, BMX-фристайл, серфинг және текбол бар. Қазақстан үшін падел мен ММА-да жүлдеге таласуға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар 12 жылдық үзілістен кейін отандық шабандоздар конкурдан сынға түседі.

Өткеннен сабақ, биылдан үміт

Қазақстан Азия ойындары тарихында 637 медаль жеңіп алған: 165 алтын, 180 күміс және 292 қола. Ең табысты кезең – 2014 жылғы Инчхондағы Азия ойындары. Сол додада ұлттық құрама 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медальмен жалпы есепте төртінші орынға тұрақтаған. Алайда кейінгі көрсеткіштер көңіл көншіте бермейді. 2023 жылғы Ханчжоу ойындарында Қазақстан 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль алып, 11-орынға түсті. Бұл – ел тарихындағы ең төмен нәтижелердің бірі. Дегенмен биыл жағдайды жақсартуға мүмкіндік бар. Соңғы жылдары Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлеріне басымдық беріліп, спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижесі де біршама өсті. Инфрақұрылымның жаңаруы, спорттық базалардың көбеюі және ұлттық құрамалардың халық­аралық бәсекелерде тәжірибе жинауы Азия ойындары қарсаңындағы негізгі оң факторлардың бірі.

Алтынға кімдер таласады?

Қазақстан үшін дәстүрлі түрде басты медаль көзі саналатын спорттың бірі – бокс. Бұл жолы құрамда тоғыз әлем чемпионы мен әлем чемпионатының екі финалисі бар. Боксшылардың барлығы дерлік жүлдеге, соның ішінде алтынға таласа алады. Қазақстан 2014 жылдан бері Азия ойындарында бокстан чемпион атанбағанын ескерсек, бұл жолғы нәтиже ерекше маңызды. Велоспортта Алексей Луценкоға үлкен үміт артылып отыр. Ол 2014, 2018 және 2023 жылдардағы Азия ойындарында жеке сайыста чемпион атанған. Сонымен қатар биылғы Азия чемпионы Евгений Федоров пен Николя Винокуров та жүлдеге таласады. Қазақстан велоспортшылары соңғы екі Азия ойындарында екі алтыннан алып келген еді. Семсерлесуден де мүмкіндік жоғары. Ерлер құрамасы биыл Азия чемпионы атанып, кейін әлем чемпионатында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Сондықтан командалық жарыста Жапония секілді мықты қарсыластармен тең дәрежеде бәсекелесуге негіз бар. Нысана көздеу мен стенд атудан да жүлде күтуге болады. Қазақстандық спортшылар соңғы жылдары Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жақсы нәтижелер көрсетті. Әсем Орынбайдың Әлем кубогындағы жеңісі және әйелдер құрамасының Азия чемпионатындағы табысы бұл үмітті күшейтеді. Ауыр атлетикада Қазақстан бірнеше жылдық үзілістен кейін мықты құраммен оралады. Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы мен Алексей Чуркиннің нәтижесіне ерекше назар аударылады. Көркем гимнастикада Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызының мүмкіндігі жоғары. Бұл спортта негізгі бәсеке Қазақстан, Қытай және Өзбекстан гимнасттары арасында өтеді деп күтіледі. Күрес түрлерінде де Қазақстанның жүлдеге таласатын спортшылары аз емес. Демеу Жадыраев, Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов, Азамат Дәулетбеков, Жәмила Бақбергенова, Едіге Қасымбек пен Шұғыла Өмірбек сынды балуандардан жүлде күтіледі.

Дзюдода Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің татамиге қайта оралуы маңызды оқиға болғанымен, оның салмағында Жапония өкілі Рюдзю Нагаяма негізгі фавориттердің бірі саналады. Ал Абиба Әбужақынова мен биылғы Азия чемпионы Алмат Әділет те жүлдеге таласуға қабілетті. Спорттық гимнастикада Нариман Құрбанов, Зейнолла Ыдырысов пен Милад Карими жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Садақ атудан да тарихи жетістікке үміт бар. Қазақстандық спортшылар соңғы әлем және Азия чемпионаттарында нәтижесін жақсартып келеді. Оның үстіне садақ атудан Азия ойындарында жеңіске жеткен спортшы Лос-Анджелес Олимпиадасына жолдама алу мүмкіндігіне ие болады. Бұлардан бөлек, каноэ мен байдаркада ескек есу, су добы, таеквондо, теннис, жеңіл атлетикадан кемінде бір алтын медаль алуға мүмкіндік бар. Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен каратэ, джиу-джитсу және ММА өкілдері де чемпиондыққа таласа алады.

Жалпы, биылғы Азия ойындарынан Қазақстан құрамасының Ханчжоудағы нәтижесінен жоғары көрсеткіш күтуге негіз бар. Бірақ құрлықтағы бәсеке жыл өткен сайын күшейіп келеді. Әсіресе Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан сияқты спорт державаларымен бәсекелесу оңай болмайды. Сондықтан Аичи-Нагоядағы жарыс Қазақстан үшін медаль санын арттырудан бөлек, Париж Олимпиадасынан кейінгі жаңа кезеңнің нақты көрсеткіші болмақ. Ал Азия ойындарындағы нәтиже Лос-Анджелес Олимпиадасына дейінгі дайындықтың қай деңгейде екенін де аңғартады. Қазақстан үшін басты міндет – жекелеген спортшылардың жетістігімен шектелмей, жалпы командалық нәтижені жақсарту.