Академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Матусевичті Астана халықаралық әуежайында отбасы, туған-туыстары, достары, жанкүйерлері, әріптес спортшылар, жаттықтырушылары мен спорт саласының өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
Германияның Дуйсбург қаласында өткен әлем чемпионатында Артём Матусевич Қазақстан тарихындағы академиялық ескек есуден әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алған тұңғыш спортшы атанды. Бұл – отандық ескек есу спорты үшін тарихи жетістік.
– Бұл медаль – менің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Әлем чемпионатында еліміздің туын көтеріп, тарихи нәтиже көрсету – мен үшін зор мәртебе. Осындай жетістікке жету үшін ұзақ жылдар бойы күн сайын тынымсыз еңбек еттік. Әр жаттығудың, әр жарыстың өзіндік қиындығы болды. Бірақ мен әрдайым Қазақстанның атын халықаралық аренада танытуды мақсат еттім. Міне, енді сол еңбектің нәтижесін көріп тұрғаныма өте қуаныштымын, – деді елге оралған сәтте Артём Матусевич.
Спортшы бұл жетістікке жету жолында өзіне қолдау білдірген жандарға алғысын айтып, алдағы мақсаттарымен де бөлісті.
– Ең алдымен жаттықтырушыларыма, командама, отбасыма және әрдайым қолдау көрсеткен жанкүйерлерге шын жүректен алғыс айтамын. Осындай сенімнің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткіздім. Бұл жүлде Қазақстандағы академиялық ескек есу спортының дамуына жаңа серпін береді деп сенемін. Алда бұдан да ірі жарыстар бар. Сондықтан тоқтап қалмай, елімізге тағы да жоғары дәрежедегі медальдар сыйлау үшін бар күшімді саламын, – деді ол.
Айта кетейік, Германияның Дуйсбург қаласында өткен U23 санатындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында 5 спортшы бақ сынады. Солардың ішінде Артём Матусевич қола жүлдеге ие болып, академиялық ескек есу тарихындағы ел қоржынына түскен алғашқы әлем чемпионатының медалін сыйлады.