Он алты жылдан кейін оралған жеңіс

Он алты жылдан кейін оралған жеңіс

Аптаның ең айшықты жаңалықтарының бірі – миллиондаған жанкүйер тағатсыздана күткен 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Испания құрамасының тарихи жеңісімен аяқталуы болды. Финалда испандар Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, араға 16 жыл салып өз тарихындағы екінші әлем чемпиондығын жеңіп алды.

Испания құрамасы осылайша 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатынан кейін қайтадан әлем футболының шыңына көтерілді. Луис де ла Фуэнте шәкірттері турнир бойы бірде-бір рет жеңілмей, жоғары деңгейдегі тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, чемпиондық атаққа толық лайық екенін дәлелдеді.

Финалдық кездесу АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «MetLife Stadium» аренасында өтті. Матчтың негізгі уақыты екі команданың да сақ әрі тәртіпті ойынының нәтижесінде 0:0 есебімен аяқталды. Қорғанысқа басымдық берген кездесуде қауіпті шабуылдар аз болды. Аргентина негізгі уақыт ішінде Испания қақпасына бірде-бір соққы жасай алмады.

Кездесудің шешуші сәті негізгі уақытқа қосылған үшінші минутта орын алды. Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес Пау Кубарсиге қарсы жасаған өрескел ойыны үшін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін аргентиналықтар қосымша уақытта бір ойыншыға кем өнер көрсетуге мәжбүр болды.

Сан басымдығын тиімді пайдаланған Испания шабуылын үдете түсті. Қосымша уақыттың 97-минутында Нико Уильямстың соққан добы ереже бұзушылыққа байланысты есепке алынбады. Дегенмен испандар өз дегеніне жетті. Матчтың 106-минутында Ферран Торрес қарсылас қорғанысындағы қарбаласты сәтті пайдаланып, кездесудегі жалғыз әрі жеңіс голын соқты. Кейін оның тағы бір добы офсайдқа байланысты есептелмегенімен, бұл ойын тағдырына әсер еткен жоқ. Осылайша Испания құрамасы әлем чемпионаты тарихындағы екінші титулын жеңіп алды. Бұған дейін олар 2010 жылы Нидерланд құрамасын дәл осындай 1:0 есебімен жеңіп, алғаш рет әлем чемпионы атанған болатын.