Жазда Астана әуежайы 3,2 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті

Жазда Астана әуежайы  3,2 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті
фото:Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі

Астана халықаралық әуежайы жазғы маусымды қорытындылады. Маусым, шілде және тамыз айларында әуежай 3,2 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Салыстырар болсақ, өткен жылдың жазында әуежай қызметін 2,8 млн-нан астам жолаушы пайдаланған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жаз мезгілі дәстүрлі түрде әуежай жұмысы барынша қарқын алатын кезеңдердің бірі саналады. Бұл уақытта тұрақты ішкі және халықаралық рейстермен қатар, маусымдық туристік бағыттарға да сұраныс артады. Жолаушылар сұранысының артуына орай жазғы кезеңде Қазақстан ішінде де, шетелге де ұшу бағыттарының кең желісі ұсынылды. Бүгінде елордадан Подгорица, Ларнака, Анталья, Ыстанбұл, Франкфурт, Варшава, Прага, Белград, Бейжің, Сиань, Шарм-эль-Шейх, Ұлан-Батыр және басқа да қалаларға тікелей халықаралық рейстер орындалады.

Ішкі бағыттар бойынша жаз мезгілінде жолаушылар Балқаш, Үржар және Үшаралға маусымдық рейстермен қатынай алды. Сонымен қатар Астанадан Ыстықкөлге рейстер орындалды. Айта кетейік, 31 тамызда жазғы маусымның аяқталуына байланысты Астанадан Балқаш, Үржар, Үшарал және Ыстықкөл бағыттарына орындалатын маусымдық рейстер де аяқталады. Аталған бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын Vietjet Qazaqstan және FlyArystan әуе компаниялары жүзеге асырды. Жазғы маусым қорытындысы бойынша жолаушылар ағынының артуы елордадан әуе сапарына деген сұраныстың жоғары деңгейде сақталып отырғанын және Астана халықаралық әуежайының ұшу географиясы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.