Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жаңа оқу жылына жан-жақты дайындық жүргізіп, білім алушыларды жатақхана орындарымен толық қамтуға мүмкіндік жасап отыр. Қазіргі уақытта университеттің инфрақұрылымында оқу орнына тиесілі 8 студенттер үйі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында инвесторлардың қаражатына салынған 3 заманауи кешен және ынтымақтастық туралы меморандумдар негізінде қызмет көрсететін 6 жекеменшік студенттер үйі бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2024–2025 жылдары А. Байтұрсынов көшесі, 33, М. Жұмабаев даңғылы, 10А және А. Пушкин көшесі, 13А мекенжайларында жаңа студенттік кешендер пайдалануға берілді. Нысандарды жобалау барысында заманауи сәулет пен дизайн талаптары, сондай-ақ кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыру қағидаттары басшылыққа алынған.

2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен М. Жұмабаев даңғылында 2 656 орынға есептелген ЕҰУ-дың жаңа студенттік кешені ашылды. Қазіргі таңда аталған нысан Қазақстандағы ең ірі студенттер жатақханасы саналады.
Жаңа кешен білім алушылардың жайлы әрі қауіпсіз тұруына қажетті жағдайлардың барлығын қамтиды. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған арнайы жабдықталған блок қарастырылған. Ғимараттың кіреберісінде Face ID сәйкестендіру жүйесі орнатылып, әр қабат бейнебақылау камераларымен қамтылған. Сонымен бірге тамақтану орындары, кір жуатын бөлмелер және жеке заттарды сақтауға арналған арнайы орындар қарастырылған.

Кешеннің сәулеттік шешімі мен ішкі инфрақұрылымы ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыру талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.
Студенттер үйлеріндегі орындарды үлестіру кезінде әлеуметтік осал санатқа жататын жастарға, халықаралық және академиялық бағдарламаларға қатысушыларға, сондай-ақ Foundation бөлімінің тыңдаушыларына басымдық беріледі.
- Жатақханаға орналасу үшін өтініш беру және орындарды бөлу процесі
цифрлық форматта жүзеге асырылады. Білім алушылар қажетті өтінішті ЕҰУ-дың «Platonus» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде жолдай алады.

Қоныстандыру кезек тәртібімен жүргізіледі. Алдымен 1-курс студенттері орналастырылса, кейін 2–5 курс білім алушылары, магистранттар мен докторанттарға орын беріледі. Университет басшылығы студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отыр, - дейді жатақхана меңгерушісі Лариса Шевцова.