Жастар жолдауды талқылады

Жастар жолдауды талқылады
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» атты сарапшылық кездесу өтті. Қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарды талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға депутаттар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, республикалық жастар бірлестіктерінің басшылары мен мүшелері, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері және студенттер қатысты.

Жиында Президенттің ауқымды жалпыұлттық құрылыс бағдарламасын іске асыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, өңірлер мен ауыл шаруашылығын қолдау, цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі бастамалары сөз болды. Елдегі қоғамдық өзгерістерге жастардың белсенді қатысуының маңызы да аталып өтті.

Ашық пікірталаста жастар бірлестіктері мен студенттер ел дамуының басым бағыттары бойынша атқарылатын жұмысқа белсене атсалысу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ жастардың жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік органдармен және бизнеспен әріптестігін нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесуді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Іс-шара Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын орындау жолында жастардың мемлекеттік органдармен, депутаттармен және іскерлік топ өкілдерімен байланысын нығайтуға бағытталды.