Акция аясында ағаш екті

Акция аясында ағаш екті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елдегі «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өз жалғасын тауып келеді. Бұл жолы Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ағаш отырғызу науқаны өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған акцияға табиғат жанашырлары, қоғамдық қор өкілдері, орталық мүшелері және т.б. қатысты. Сонымен қатар, бұл  науқан – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген басымдықтарға, атап айтқанда, елдің болашағы мен келешекке жауапкершілікпен қарау идеясына сәйкес келеді екен.

Бұл шараны ұйымдастырушылар ағаш отырғызу процесінің тұрақты жүргізілуі, өз кезегінде шаһардың гүлденіп, көгалдануына, экологиялық ахуалдың жақсаруына, септесіп, соның арқасында «Таза Қазақстанды» қалыптастыруға негіз болады деп санайды. Бұл туралы «Тұрақты даму жер қоры» төрағасының орынбасары Нұрдәулет Мұхтарбек ой бөлісті.

–  Жуырда ғана Халықаралық экологиялық конференция өтті. Әлемнің әр елінен экологтар, ғалымдар келіп бас қосты. Осы саланың білгір мамандары өз тәжрибесімен бөлісті. Соның нәтижесі ретінде 100 жуық көшет ағаштары отырғызылды. Күзде, көктемде ағаш отырғызу үдерісі қарқынды жалғаса береді. Басты мақсат – экологиялық жағдайдың жақсаруына үлес қосу, – деді ол.