Жасанды интеллект игілік пе?

Жасанды интеллект игілік пе?

Бүгінде жасанды интеллект көмекші, ақылшы, тірлігіңді тындырушыға айналғандай. Ал адам не істейді? Бұл басы ашық сұрақ болып тұр!

ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің дәуірі. Интернет қолданысқа енгелі бері жаңа технология дамып жатыр. Адамның атқаратын жұмысын роботтар әп-сәтте атқара алатын деңгейге жеткен. Тіпті тылсымнан келіп қонып, адамның қиялынан туатын шығармашылық салада да жасанды интеллект дес берер емес. Мұның ақыры не боларын ешкім болжап білмейді...

АҚШ, Еуропаның экшн шы­тыр­ман фильмдері шынайы өмірде орындалып келе жатқандай көрінеді. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар, жүргізушісіз көлік, ақын-жазушы жазбаған өлең мен романдар, әнші орындамаған әндер, шығармашылық топ қатыспаған бейнероликтер, мультфильмдер қаптады. Ал мұны тұтынып жатқан тек адам баласы. Тіпті, жуырда ғаламда ЖИ дамытуға байланысты Қытай үлкен форум өткізді. Мұндай форумдар әлемнің әр елінде өтіп те жатыр. Бәрінің талқылағандағы мақсаты – ЖИ тұрмыстың әр саласына кіргізу. Алдағы уақытта адамзатқа қажетті мамандықтардың 50 пайызын дәп осы жасанды интеллект жасап беретін түрі бар. Демек, мұның салдарынан қаншама маман жұмыссыз қалайын деп тұр.

Қазіргі таңда адам зиялының сөзіне емес, блогердің былығына сенетіндей күй кешті. Ал блогер өзінің түсіріп отырған контентін аса бір дәйекке байламай-ақ, жасанды интеллектінің көмегімен жасап жатқаны айқын. Бұл түптің түбінде халықтың рухани өрісіне, жастардың ойлау қабілетіне түрлі қырынан әсер ететінін де ойлаған абзал.

Дейтұрғанмен, ЖИ көмегі цифр­лық мүмкіндіктер тудырып, адамзатқа тиімді құрал болып отыр дейтін тарап та бар. Дәлірек айтқанда, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы, әрі осы саланы зерделеп жүрген маман Мейіржан Әуелханұлы жасанды интеллектіні тиімді пайдаланса, берері көп деп санайды.

– ЖИ – адамзатты басқарып кетеді деген қорқыныш ғылыми негізден гөрі фантастикаға жақын түсінік. Бүгінгі жасанды интеллект – өз мақсаты, еркі, ниеті жоқ құрал. Ол тек адам берген деректер мен тапсырма аясында жұмыс істейді. Нағыз қауіп – ЖИ-дің өзі емес, оны сауат­сыз қолдану: ойлануды толық машинаға тапсырып, сыни ойлау қабілетін жоғалту. Сондықтан мәселе – техниканы тоқтатуда емес, қоғамның цифрлық сауатын көтеруде. Калькулятор шыққанда математика жойылған жоқ, интернет шыққанда кітап жойылған жоқ, ЖИ де солай: кім оны меңгерсе, сол ұтады. Мен қазақ тіліндегі алғашқы ЖИ әліппесін жазғанда да осы мақсатты көздедім: қорқыныш надандықтан туады, білім оны сейілтеді, – деп пайым­дайды ІТ сарапшы.

Құрдымға кетіп бара жатқан жоқпыз ба?

Алпауыт державалар жасанды интеллектіні дамытумен қатар, оның қауіпсіздігін ойлай бастады. AI Index мәліметі бойынша, 2024 жылы әлемнің көптеген халықаралық ұйымдары – OECD, ЕО, БҰҰ және Африкалық Одақ ЖИ-дің қауіпсіздігі, ашықтығы және этикалық нормалары туралы принциптер қабылдады. Бұл құжаттар ЖИ жүйелерінің жауап­кершілікті болуын, адамның құқықтары мен бостандығын сақтауды және шешім қабылдау процестерінің түсініктілігін қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Мысалы, Еуропалық Одақтың Жасанды интеллект туралы актісі (AI Act) жүйелерді 4 санатқа – ең аз тәуекелдіден (аздаған бақылау) жоғары тәуе­келдіге дейін бөледі. Жоғары тәуекел тобына кіретін жүйелер (мысалы, инфрақұрылымдарды басқару, денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау) қатаң регуляцияға бағынады. Жаңа регламент тәуекелді жүйелер үшін адам бақылауын, техникалық құжаттаманы және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл акт 2025 жылы күшіне енгеннен кейін, әлемдегі көптеген компаниялар өз өнімдерін еуропалық стандартқа сай келтіруге тырысып жатыр.

– ЖИ жасаған контент көбейген сайын оның «орташа», бір-біріне ұқсас сипаты айқындала түседі. Ал өнердің құн­дылығы – тек нәтижеде емес, оның артындағы адам тағдырында, тәжірибесінде, шынайы сезімінде. Қолдан жасалған зат фабрика өнімінен қымбат тұратыны сияқты болашақта «адам қолынан шыққан» деген белгінің өзі бренд, құндылық белгісі болады деп есептеймін. Бірақ бұл ЖИ-контент жойы­лады деген сөз емес, екеуі қатар өмір сүреді: күнделікті, техникалық контентті машина атқарса, жан дүниені тербейтін шынайы шығармашылық адамның еншісінде қалады, – дейді жасанды интеллект саласын зерттеуші маман М.Әуелханұлы.

Ұтымды пайдаланса, берері мол

Аузын айға білеген алып державалардың бәрі де ЖИ көмегін ұтымды пайдалануды ойлап отыр. Бұл қатардан Қазақстан да қалып тұрған жоқ. Елордада ұдай жасанды интеллектіні дамыту бойынша іс-шаралар өтіп те жатыр. Тіпті «ақылды қала» атанып, иесі өзі танып анықтайтын үйлер пайда болғалы қай заман?! ЖИ көмегімен бейнекамералар орнатылып, көлік құралдары бақыланып, адамның-жүріс тұрысы, бүкіл құжат атаулы жаппай цифрлық форматқа көшіп жатыр. Ал бұл жағынан Астана көш басында тұрғаны айқын.

Әлемдегі стратегиялық бас­қару саласындағы халықаралық консалтингтік компания McKinsey зерттеулеріне сүйенсек, әлемдік компаниялардың ЖИ-ді өз бизнесіне енгізу көрсеткіші 2023 жылғы 55%-дан 2025 жылға қарай 88%-ға дейін көтерілген. Бұл көрсеткіш әзір төмендемейтіні анық.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев қарашаның басында Вашингтонға барған сапарында қазақстандық стартаперлермен кездесіп, шетелде жүрген қазақстандық жастардың жобаларымен танысқан еді. Сол жүздесуде, Call2action.ai компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, стартапер Ерсұлтан Жүнісақынов та қатысып, Президентке өз жобасы жөнінде баяндаған. Ал біз жаңа жобаның негізін қалаушымен байланысқа шығып, пікірін білген едік. Оның пікірінше, жасанды интеллекті бағытын дамытып жүрген әлемде қазақ жастары жетерлік екен. Ең бастысы, жаңа технологияға қызығушылық арта түссе деп ойлайды.

– Біздің жастар көбірек жасанды интеллект пен IT саласына қызықса дейміз. Себебі қазақ өнертапқыштары АҚШ-та да, әлемде де өз орнын тауып келеді. Ең бастысы, нәтижеге еңбек етіп, тоқтап қалмау қажет. Ерекше мысал ретінде айта кетсем, досым Tesla компаниясында бас техникалық инженер қызметін атқарған. Мұндай деңгейдегі инженерлер бүкіл әлемде бар болғаны 15-20 адам шығар. Сол топта қазақ маманының болуы біздің жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге толық қабілетті екенін дәлелдейді. Қазір Айтемір Ескенов деген білікті маман Tesla компаниясында жетекші әзірлеушісі болып істейді. Ол Tesla-дағы жоғары деңгейлі техникалық шешімдерді әзірлеуге қатысады. Мұндай рөл әлем бойынша санаулы мамандарға ғана беріледі. Сонымен бірге Серік Смағұлов деген қазақ жігіті Stanford университетінің AI Research Scientist маманы болып қызмет етіп жүр. Ол жасанды интеллект, машиналық оқыту және нейрожелі бағытында ғылыми-зерттеулерді іске асырады. Stanford – әлемдегі жетекші университеттердің бірі, сонда қазақ ғалымының жұмыс істеуі үлкен жетістік деп санаймыз. Бұл мамандар– қазақ жастарының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенінің нақты дәлелі.

Тоқетері, ЖИ мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану өз қолымыз­да секілді. Өйткені қазір ол білім-ғылым, медицина, тіпті шығармашылық пен заң шығару саласын да дендеп еніп барады. Ең негізгісі, адамға деген өзара сенім сақталса екен. Ал жасанды интеллект бар болғаны көмекші құрал кейпінде қалса игі.