Жапырағы жасыл жаутерек

Жапырағы жасыл жаутерек
фото: Шүкір Шахай

(Ұлағатты ұстаз)

Жиырма жетінші жылы туғандардың арасында ғибратты ғалым, әлеуетті әдебиеттанушы, ұлағатты ұстаз, абыройлы ақсақал, ардақты аға Тұрсынбек Кәкішевтің орны бөлек-ті. Алты алашқа әйгілі зерделі зерттеуші болғаны өз алдына, оның ­азаматтық ұстанымы да өте берік еді.

Еменнің иір бұтағы секілді, ешкімнің ыңғайы­на жығылмай, жөнсіздік атаулының бәріне қа­йыспай қарсы тұрды. Қажет жерінде Махамбет-мінезге салып, ақырып теңдік сұрады. Осы күнгі депутаттар біресе айтып алып, біресе қайтып алып жүрген мәселелерді Тұрсынбек ағам талай жыл бойы жеріне жеткізе тәпсірледі. Ол кісінің өнегелі істерін үнемі үлгі тұттық. Арғы-бергі, алыс-жақын елдердің архивтерін түгел сүзіп шыққаны үшін құрметтейтін едік. Атақты қолжазба журнал – «Садақты» тер төгіп іздеп, деректері мен дәйектерін ғылыми айналымға қосқаны үшін қадірлейтін едік. Кішкене ғана мәліметтің мән-жайы құлағына шалынса, бар шаруасын тастап, жолға шығып кететініне, сөйтіп, айлап жүріп, «еңку-еңку шер шалатынына, қоңыр салқын төске алатынына» әбден құрсан болатынбыз.

Жас буыннан қамқорлығын аяған жоқ. Бесіктен беліміз шықпай жатып, докторлық қорғауға талпынғанымызда қолдау көрсетті. Бізге сенім артты. Ғылыми жетекшіміз болмаса да, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Қайта жолымызда жатқан жоталы жалпақтар мен шіренген шалқақтарды тыйып тас­тап отырды. Өйткені мінезді еді. Кескекті ердің сойы еді. Сырдарияның сарқыраған суын теріс ағызып жібере алмаса да, кез келген ғылыми кеңестің бағыт-бағдарын өзгертіп жіберу ­тегеурінді Тұрсағамның қолы­нан келетін. Сондай айбарлы ағаның аялы алақаны, шуақ­ты шұғыласы, қалт­қысыз қамқорлығы бізді қанаттандыра түсті. Алдағы белестерімізге қарай құлшына ұмтылдық.

Ең бастысы, жақсылық жасау да, ерлік жасау да Тұрсынбек ағаға тән қасиет-тін. Үзеңгілес досы Зейнолла Қабдолов қайтыс болғанда, қаралы хабарды естіп, жолға шығып кеткен жерінен сапарын үзіп, дереу қайтып оралды. Тіпті Шу ма, Тараз ба, едәуір жерге шығандап үлгерген екен. Ол жақта ардақты ағамызды қалың ел күтіп отырған-ды. Бәрін де тәрк етті. Дереу ат басын кері бұрды. Қоштасу рәсімінде жүрегі жылап тұрып сөйледі. Бейіт басында таудай Тұрсекең заңғар Зекеңе өз қолымен топырақ салды. Біз, Қабдолов пен Кәкішевтің шәкірттері, мұны ешқашан ұмытпаймыз. Өрелі ісіңіз, өрісті өнегеңіз жөнінде жылдар бойы айтыла бермек.

Қазір интернеттегі дерек іздеу арналарынан Тұрсекең туралы мәлімет сауғың келсе, Тұрсынбек Кәкішевтен бұрын Тұрсынбек Қабатов шыға келетін заман... Қайтесіз... Бірақ бәрібір оның бейнесі бәрінен биік тұрады!

Ұлағатты ұстазымыздың мынадай бір суреті тарихқа таңбаланыпты. Ғажап қой, иә?..

Бауыржан ОМАРҰЛЫ