«01market» ломбардтар желісінің заңсыз қызметі тоқтатылды

«01market» ломбардтар желісінің заңсыз қызметі тоқтатылды
фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «01market» ломбардтар желісін ұйымдастырушыға қатысты микрокаржылық қызметпен заңсыз айналысу дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан бері күдіктінің бақылауындағы «INVEST PRO KZ» ЖШС, «Исмагулов Р.Б.» және «Pro Kz» жеке кәсіпкерліктері комиссиялық сауданы бүркемелеп, тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге алып, қарыз беріп келген.

Олар қызметінің шынайы сипатын жасыру үшін клиенттерге комиссиялық сауда мәмілесі жасалғандай етіп кепіл билеттерін рәсімдеген. Қарыз қолма-қол ақшамен беріліп, оның пайызы, мерзімін ұзартқаны үшін алынатын төлемдер мен айыппұлдар аталған кәсіпкерлік субъектілерінің шоттарына түсіп отырған.

Қарыз 30 күнге беріліп, оған күніне 0,25%-ға дейін сыйақы есептелген. Қарызды уақытында қайтармағандарға қосымша айыппұл салынып, ол төленбеген жағдайда кепілге қойылған мүлік сатылған.

Заңсыз қызметтен түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан.

Мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында соттың санкциясымен екі пәтерге, үш автокөлікке және екі кеңсеге тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.