«Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

«Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде
фото: polisia.kz

Елорда аумағында 5-9 қазан аралығында көші-қон заңнамасын сақтау деңгейін арттыруға, шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу және еңбек ету тәртібін бұзу фактілерінің алдын алуға бағытталған «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның бірінші күнінің қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60-тан астам шетел азаматы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын өрескел бұзған 2 шетел азаматына қатысты ел аумағынан мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімі қабылданды. 

Іс-шара барысында заңсыз көші-қонға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, шетел азаматтарын Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген болу тәртібін сақтауға бағытталған профилактикалық жұмыстарға да ерекше назар аударылуда. Полиция азаматтар мен жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тарту, олардың Қазақстан аумағында болу мерзімін бұзуы немесе тиісті құжаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыруы заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.