Астанада оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мектептердегі құқықтық тәрбие берудің озық тәжірибелерін тарату мақсатында модельдік сот процесі ұйымдастырылды. Бұл жолғы іс-шара №97 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Болашақ прокурорлар клубы» жобасы аясында «Болашақ прокурорлар мектебі: модельдік сот процесі арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты ерекшелігі – №97 мектеп-гимназиясының «Болашақ прокурорлар клубы» мүшелері «Дропперлік: жауапкершілік пен жаза» тақырыбында сот процесін сахналады. Оқушылар судья, прокурор, қорғаушы және сот процесінің өзге де қатысушыларының рөлдерін сомдау арқылы қаржылық алаяқтыққа қатысудың құқықтық салдарын, заң алдындағы жауапкершілікті және сот төрелігінің негізгі қағидаттарын тәжірибе жүзінде көрсетті.
- Бұл жоба былтыр «Әділет жобасы» деген атаумен бастау алды. Мақсаты - оқушыларға заң мен тәртіпті түсіндіру. Қазіргі таңда мектептерде «Прокурорлар мектебі» ашылып жатыр. Осы арқылы заң бұзушылықтың алдын алу жұмыстары түсіндіріледі. Сол жерде оқушылар шыншылдықты, адалдықты үйренеді. Барлық баптарды түсіндіреміз. Осы жоба арқылы оқушылар барлығын біліп шығатын болады. Бұған балалардың да қызығушылығы зор, -дейді №97 мектеп-гимназиясының директоры Зәмзәгүл Қиянова.
Іс-шараға қатысушыларға мектеп базасында «Болашақ прокурорлар клубы» жұмысын ұйымдастырудың практикалық тәсілдері ұсынылды.