Жәнібековтің жасампаздығы

Жәнібековтің жасампаздығы

Осы тамыз айында көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Ол бар саналы ғұмырын ұлтына арнаған нағыз рух сардары, мықты идеолог, жасампаз тұлға еді. Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, ел руханияты мен мәдениетін, өнерін өрлету жолында аянбай еңбек етті. Қазіргі елге белгілі өнерпаздарды, мәдениет пен өнер қайраткерлерін қолдап, олардың танылуына үлкен үлес қосты. Режиссер, продюсер, сценарист, композитор, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оралбек Сарыбасов тұғырлы тұлғаның көзінің тірісінде «Этнограф Жәнібеков» атты деректі фильм түсірді. Жуырда режиссермен кездесіп, Өзбекәлінің тұлғасы, аталмыш туынды туралы әңгімелестік.

«Мені Өзбекәлі Жәнібековпен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жарқын Шәкәрім таныстырды. Сол уақытта Өзекең Мәдениет министрінің орынбасары еді. Ол кезде Өзбекәлінің бастамасымен құрылған қазіргі Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне ұлттық аспаптар жиналып жатты. Жарқын ағамыз сол музейдің бөлім бастығы болды. Мен Моңғолиядан келген қандастарымыздан екі сыбызғы алып қалған едім. Соларды музейге тапсыру барысында Өзекеңмен кездестім.

Ал 1987 жылы «Қазақтелефильм» студиясында қызмет істеп жүргенімде 8 сағаттық фильм-концерттер түсірілетін. Бұл өнімді сатып алушы Қазақ телевизиясы еді. Республикадағы жалғыз телеарна болғандықтан соны Орталық комитет бекітетін. Содан студияның басшылығына барып, фильм-концерттерге қоса, деректі фильм­дерді түсіруді ұсындым. Сонда «Кавказды қараңыздаршы, шалдарды түсіргенде олардан ұлттың болмысы көрінеді. Біз де ұлттық құндылықтарды көрсетейік. Көкірегі алтын көмбе көнекөз қарияларымыз бар, соларды ұстап қалайық. Өсейін деп келе жатқан жастар да шықты, соларды елге танытайық» деген уәж айттым. Басшылық «Біз мұны шешпейміз, Өзбекәлі Жәнібековке бар» деп сол кісіге сілтеді. Өзекең – ол уақытта Мәдениет министрі. Бірақ алдымен Құрманғазы консерваториясының сол кездегі ректоры Дүйсен Қасейіновке бардым. Ол қолымдағы тізімді көріп, «қарсы емеспін» деп қол қойды. Әрі қарай Өзекеңе кірдім. «Шежіре» айдарымен көрнек­ті тұлғаларды, жас өнерпаздарды арқау етіп, 2 сағаттық деректі фильм түсірмек ойымды жеткіздім. Бұл идеям оған қатты ұнады. Таңертең барған едім, әңгіме үстінде қалай түс болғанын байқамай қалдым. Мен апарған тізімге кезінде Қазақстанды басқарған, сол жылдары Мәскеуде тұрған Нұртас Оңдасыновты, опера әншісі Ерік Құрманғалиев­ті, атақты Мария театрының примасы болған Алтынай Асылмұратованы, жазушылардан Әбіш Кекілбайұлын, сол уақытта шығыстануда жақсы шығып келе жатқан Әбсаттар Дербісәліні, Мәдина Ералиева, Майра Ілиясова, Нұржамал Үсенбаева, Баян Сағымбаева секілді әншілерді, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевты, жыршы, жырау Алмас Алматовты, флейташы Қайролла Жұмекеновті, күйші Айтжан Тоқтағанды, күйші, композитор, дирижер Айтқали Жайымовты, басқа да өнерпаздарды, өнер ұжымдарынан «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблін, «Шертер», «Сазген» ансамбльдерін қосуды ұсындым. Биші Тойған Ізімді Өзекеңнің өзі қосты. Сол тізімді Өзбекәлі Жәнібеков мақұлдады. Қазір қарап отырсам, солардың бәрі елге танымал адамдарға айналды, кейбіреулері Халық әртісі атағын алды. Біраз фильмді Аяған Шәжімбай екеуміз түсірдік» дейді Оралбек Сарыбасов.

Бір күні режиссерге Өзбекәлі Жәнібековтің өзі туралы деректі фильм түсіру идеясы келді. Соны іске асыру мақсатында тоқсаныншы жылдардың басында қайраткерді іздеді. «Алматы» шипажайында екенін естіп, сонда барды. Бірақ бөлмесіне кіріп барғанда демалып жатқан емес, жұмыстағы адамға жолыққандай болды. Режиссерді костюм-шалбар киген, галстук таққан Өзбекәлі қарсы алды. Ұсыныс айтылғанда, бастапқыда келіспей, «Мен кімге керекпін?» деп бас тартты. Алдымен «Алтынай» халық би ансамблін түсіруді ұсынды. Оралбек Сарыбасов ұсынысын орындаған соң, «Айтқаныңызды орындадым, енді кезек сізге келді» деп, тағы алдына келді. Өзбекәлі келісіп, түсірілім оның қалауымен Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде басталды. Одан кейін қайраткердің шаңырағында жалғасты. «Үйі де музей сияқты екен» дейді Оралбек Сарыбасов. Содан соң режиссер Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күн шығып келе жатқанда түсіруді ойластырып, осы кесенеге, «Эрмитаждан» тайқазанды қайтарудағы Өзбекәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегін ескеріп, түсірілімді сонда жалғас­тыруды ұсынды. Өзекең оған келісті. Режиссер кейіпкерінен бір күн бұрын қасиетті Түркістанға жетті.

«Қонақүй бөлмесінде қаннен қаперсіз ұйықтап жатқанбыз. Біреу есікті дүңкілдетіп әкетіп барады. Сағатты қарасам, таңғы 4-тен 15 минут кетіпті. Есікті ашсам, Өзекең тұр. «Таң атып қалды ғой, түсірілімге шықпайсыңдар ма» деді. Содан жедел түрде оператормен далаға атып шықтық. Әйтеуір кесенені күн шығып келе жатқанда түсіруді үлгердік. Өзекең оятпаса, үлгермейді екенбіз.

Сол сапарда көне Отырарды, Шәуілдірді, жалпы біраз жерді түсірдік. Бір музейге кіргенімізде Өзекең қай жәдігер қай тұста тұру керектігі жөнінде нұсқау беріп қана қоймай, үлкен қызметіне қарамай өзі орналастырды. Соған таңғалдым. Кейін Өзбекәлі ағаның үйіне барып жүрдім. Соның бірінде жеңгей Өзекеңнің Торғайда қызмет істеп жүрген кезін еске алды. Оның айтуынша, берілген үй кішкентай бір бөлме болса да, Өзекең шаңырағына небір құнды жәдігерлерді жинайды екен. Оларды біреуден сұрап алса, кейбіреу­ден сатып алатын көрінеді. Сол жәдігерлердің арасында ат әбзелдерінен бастап, әшекейлер, түрлі тұрмыстық бұйымдар болған екен. Түркістанға сапарымыз­да Өзбекәліге біреулер «бұл Абылай ханның бас киімінің тұпнұсқасынан жасалған тура көшірмесі» деп киізден тоқылған бас киім сыйлады. Соны Өзекең «Ол мына жігітке лайық» деп менің басыма кигізді. Өкінішке қарай, қайраткердің тәбәрагын сақтай алмадым. Белгілі мәдениеттанушы, философ Мұртаза Бұлұтай сол уақытта жас жігіт еді. Германиядан енді келген беті екен, соған сыйлап жібердім. Кейін сұрасам, ол да сақтамапты» дейді Оралбек Сарыбасов.

«Этнограф Жәнібеков» деректі фильмінің үзіндісі YouTube арнасында бар. Онда қайраткер өмірбаянын әңгімелеуден бастап, ұлтқа керек мәселелерді қозғайды.

«Бүгін ата-бабамыз, біз дүниежүзілік өркениетке қандай үлес қостық деген сұрақ туады. Осы сұраққа жауап беру үшін ең алдымен халықтың өзі, оның өнері, жасампаздығы жайында әңгіме қозғаған орынды сияқ­ты. Қазақ халқы өз бастауын Әлкей Марғұлан айтқан алғашқы қарабайыр егіншіліктен, көне металлургиядан, мал шаруашылығынан бастағаны белгілі. Сонда біздің қазіргі өзіміз ие болып, мирас етіп жатқан дүниеміз сол заманнан бермен қарай ата-бабаларымыздың, Қазақстан жерін мекендеген әртүрлі дала тайпаларының мәдениетінің қосындысы, нәтижесі болады» дей келе, сәулет өнерін тарқатады. Сонда киіз үйден бастап, шошаланы атап өтеді. Одан кейін қоржын үйді айтады. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мәселесін көтереді. Соның ішінде Қазақстанда 25 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіштің барын анықталғанын, оның есепке алынғаны 7 мыңға жетер-жетпес екенін айта келе, көпшілігі жылдан-жылға құрып бара жатқанын сөз етеді. Олардың арасында Ботай қонысын, Бесшатыр қорғанын, Әзірет сұлтан қорығын, Маңғыстаудағы тарихи-мәдени ескерткіштерді атап өтеді.

Жалпы ұлтымызда «өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырған» бір тұлға болса, бұл – Өзбекәлі Жәнібеков. Бірнеше жыл бұрын ғана елордадағы жобалық атауы №142 көшеге Өзбекәлі Жәнібеков аты берілді. Бұл көше Айнакөл көшесінен басталып, Мұстафа Шоқай көшесінде аяқталады. Ұзындығы 1 шақырымнан сәл ғана асады. Қазір Ұлттық музейде «цензор» қайшысы мен бәкісі сақтаулы. Бұл жәдігерлерді 2015 жылы «Ұлттық музейге сый тарту» шарасының шеңберінде немересі Азель Бауыржанқызы тапсырған.

Бірнеше жыл бұрын сауалнама жүргізгенімізде журналист Бауыржан Сабырбеков пен драматург Сая Қасымбек осы Ұлттық музейді Өзбекәлі Жәнібековтің атына беруді ұсынды. Несі бар, орынды ұсыныс. Тұлғаның музейлерге, жалпы ұлт руханиятына тікелей қатысы барын жоғарыда жаздық. Осындай тұлғаларды ұлықтау арқылы ұлттық рухты асқақтататынымыз шын. Өзбекәлі Жәнібековке бас қаладан еңселі ескерткіш орнатылса да артық етпейді. Тұғырлы тұлға бұған әбден лайық.