Сатираның сары алтыны

Сатираның сары алтыны

(«Атылған қыздың» авторы)

Сатира сардары Садықбек Адамбековтің ғасырлық мерейтойы елеусіздеу өтіп кетті. Негізі, еленбейтіндей адам емес еді. Еленбейтінің не, жұртты қалжыңмен қажап, құрдастарының ойран-ботқасын шығарып, өз ортасын алатайдай шулатып жүретін қушыкеш адам болған тәрізді. Садықбекті алдап түсіруге ниеттенген қатарластары оны өмірі жеңе алмағанға ұқсайды. Керісінше, Сәкең олардың ауыздарын күншығысқа қаратып, өздерінің ақшасымен өздерін ресторанға апарып, жақсылап «сыйлап» жіберетін болған деседі.

Біз студент кезімізде оны шығармашылық кештерде үнемі көріп қалатынбыз. Жүрген жерінің бәрі ойын-күлкі. Қутың-қутың етеді. Қыз-келіншек көрінсе, көзі күлімдеп сала береді. Оған бәрі жарасады. Сөзі де, өзі де еркін...

Садықбек Адамбеков – әйгілі «Атылған қыз туралы аңыздың» авторы. Жалғыз ол емес, сол тұста елдің аузынан түспейтін «Қожанасыр қақпасы», «Көсенің көзі», «Аюбайдың ажалы» деген шығармаларды да сол кісі жазған. Оны айтасың, бірқақпайдан ешкімге дес бере қоймайтын Көпен інісі «Нива» машинасын сатып алып, ағасын әспеттеп мінгізе қойғанда, «Көліктерің қандай күшті-ей, ішіне арттан теуіп кіргізіп, сақалдан сүйреп түсіреді екенсіңдер!», – деп екі ауыз сөзбен екі бүктеп кеткен де сол мықтыңның өзі.

Бір күні фототілші Шүкір Шахай оны Алматыдағы Бас почтаның маңынан көріпті. Білдірмей суретке тартып жіберейін десе, көзі қиырдағыны шалатын сары шал оңайлықпен алдыра қоймайды. Екі көзі алақ-жұлақ етіп, байқамайтынды байқап қоятынын қайтерсің. Бүкіл амалы күйреген Шүкір беттің арын белбеуге түйіп, ақсақалдың қасына келіп, ойлы Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің үлгілі үрдісімен сыпайы сәлем беріп, суретке түсіруге рұқсат сұрайды.

– Әй, сен бала, тұра тұр, әуелі мен мына почтаға кіріп шығайын. Не ғылған сурет ол? Жүр, менімен бірге! – дейді бастырмалатып.

Содан Шүкір көкесі екеуі Бас почтаға беттейді. Сатирик ішке кіргеннен байланыс мекемесіне жан бітеді. Садықбек көкемнің танымайтын пошташысы жоқ дейді. Есіктегі Еленадан бастап төрдегі Татьянаға дейін түгелдеп шығады. Светамен сөйлесіп, Шурамен шүйіркелесіп, Катяны күлдіріп, Наташаға наз айтып, бүкіл елді қалжыңға көміп, әбден естерін тандырады. Соған қарағанда Бас почта бас сатириктің күніге бір соғып, күлкіге қарық қып кететін, үнемі үйірсектейтін үйреншікті үй болса керек.

Садықбек көкем содан кейін ғана Шүкірдің ыңғайына көніп, суретке түсуге бейімделе бастайды. Мына суретте сары алтындай сатириктің киоскіге кездейсоқ келген болып, оң жақ самайын көздеп тұрған фототілшіні байқамағансып, әйнек­тің арғы бетінен сығалап, газет қарағансып, қысқасы, «Тосыннан түсірілгенде» жобасында өте сәтті ойнап тұрған кезі...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ