Есімде де мән бар

Есімде де мән бар
фото: depositphotos.com

Әсілінде адам баласы дүние есігін айқара ашқан шақта ата-анасы азан шақырып, атын қояды. Өз салтынан бір сүйем алыстамаған ағайын нәрестенің есімін әулеттегі немесе ауылдың сыйлы азаматына қойдырады. Ырымшыл елдің осы бір дәстүрі ғажап-ақ.

Азан шақырып қойылған атын алған сәбидің тағдыры да есімімен байланысты болады деген тәмсіл бар. Рас та шығар. Бір ғана мысал келтірсем, Ел-Игер Әділетұлы деген есім бар. Әулетінің үлкендері елді басқарсын деп ырымдаған екен, сол бала есейгенде елді басқарған, айналасын игерген. Ырымның қырын кетпеген тұсы – осы.

Астанада Атақозы Нұрланов ағамыз тұрады. Кейіпкеріміз «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары, Астана қаласы филиалының төрағасы қызметін атқарады. Ол 1966 жылы 1-желтоқсанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Әкесі Келден қарт шахтада жұмыс істеген. Атақозы Келденұлының есімі ерекше болғандықтан сауал жолдағанбыз.

– Әжеміз Тәтипа Бисекейқызы менің есімімді Атақозы деп қойған. Мұның мағынасы қозылардың атасы болсын деп ырымдаған. Тәтипа әжем 1905 жылы өмірге келген. Бисекей байдың қызы. Бүгінгі таңда бір әулетте алты ұл, бір қарындасым бар. Мен үйдің үлкенімін. Көбісі бұл есімді бірден есіне сақтай алмайды. Ерекшелігі сол. Тағы бір естігенім, Адайлардың ішінде Атақозы деген ру бар екен. Сосын Керейлерде Атақозы деген батыр болыпты. Мұны әріптесімнен естідім. Есімімнің соңына түсіп зерттеп көрген емеспін. Алайда әжемнің інісі болыпты. Есімі – Атақозы. Мүмкін інісінің де құрметіне қойған болуы керек. Ол кісі Қарағандының «Шахтер» футбол командасында ойнапты, – дейді Атақозы аға.

Елордада Көгілдір есімді қарындасымыз тұрады. Көпбалалы ана. Өзінің айтуынша, аққудың балапанындай сүйкімді болсын деп ырымдап, азан шақырып атын Көгілдір деп қойған. Бұл да бір ерекше есім. Жақында астаналық бір қарындасымды кезіктірдім. Есімі – Севинч.

– Менің атым – Севинч. Есімім өте сирек кездесетіндіктен, осындай есіммен өмір сүру қандай екенін бөліскім келеді. Бір жағынан, бұл – өте әдемі әрі мағынасы терең есім. «Севинч» – «қуаныш», «бақыт» дегенді білдіреді. Бірақ екінші жағынан, көптеген адамдар есімімді қайта сұрап, дұрыс айта алмайды немесе қате жазады. Кейде тіпті мүлде басқа есіммен атап жатады. Оның үстіне, бұл есім менің ұлтыма тән емес болғандықтан, адамдар оны естігенде жиі таңырқап, қай ұлттан екенімді сұрайтын.

Бір қызығы, айналамдағы адамдардың көбі есімімді ерекше әрі әдемі деп қабылдады. Маған қатысты жағымсыз пікірді сирек естідім. Алайда ең қиын қабылдау өзім үшін болды. Ұзақ уақыт бойы өз есімімді толықтай қабылдай алмадым. Тек соңғы уақытта мақтан тұта бастадым.

Қазір бұл есім маған өз тамырымды, отбасымның тарихын және ерекшелігімді еске салады, – дейді Севинч Батырбекқызы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы жарты жылдықта ең көп қойылған ер адамдардың есімі – Алан. Ел бойынша 339 Алан өмір сүріп жатыр. Ал Мұхаммед деген есім – 221, қыз балалар арасында Айлин есімі көп кездеседі. 481 Айлин болса, 336 Томирис, Медина есімді 315 бойжеткен бар.

Тағы бір таңқаларлығы, әлеуметтік желіде Мынатаубиік Әнесов деген ағай бар. Жасы жетпістен асқан. Тұрағы – Текелі қаласы. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Құлаққа жеткен ақпарат бойынша Мынатау­биік ағайдың есімін әкесі қойған. Анығын Мынатаубиік Тауфиқұлы өзі айтып берді.

– Мен Бөкейордада дүние есігін ашыппын. Әкем соғыс­та 1942-47 жылдар аралығында болған. Қан майдан аяқталса да барлық әскердің тиісті құжатын толтыру жұмысымен айналысып, елге кешігіп келген. Майдангер әкем ауыл шетіндегі ел ішінде «Мынатау» деп аталып кеткен кішкене төбеге қарап отырып «Егер ұлды болсам осы таудай биік болсын деп атын Мынатаубиік деп қоямын» деп шешім қабылдапты.

Тағы бір қызық жағдай орын алды. Бір күні маған белгісіз нөмірден бір адам қоңырау шалды. Сөз ләмі «Асантемір Қаршығаұлы, сіздің есіміңізді ұлымызға қойдық. Есіміңіз ерекше екен, көңілімізге тұрақтады. Сосын ұлымызды сізге ұқсасын дедік. Менің есімім Айдарбек» деді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда екі Асантемір өмір сүріп жатырмыз. Ханның жалғыз ұлындай қадірлі оқырман, Сіз ұрпақ есіміне қаншалықты мән бересіз? «Астана ақшамы» газетіне хат жолдауыңызға болады.