Қай дәуірде де зерттеушілердің назарында болған Шортанбай Қанайұлы шығармашылығы заман ағымына сәйкес біресе аспандатып, біресе жақынын жардан итергендей құрдымға құлдилатқан күрделі үдерістен өтті. Әйтсе де әр ғасырдың саяси мінберінен айтылған, әртүрлі қысыммен жеткізілген әр түрлі ғалымның тоқтамы мен тұжырымы Шортанбай шерін шегіне жеткізе тарқатпай, өзінің нысаналы кезеңін күтіп жатқандай әсер қалдыратын. Алдыңғы буын Мұхтар Әуезовтен бастап, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Сәйділ Талжанов, Қажым Жұмалиев, бертін келе Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметов, Бауыржан Омаров зерттеулері ақын есімін ұмыттырмай, ел жадында жаңғыртып келді.
2018 жылы Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) туғанына 200 жылдығын атап өту кезінде, ақын сүйегі жатқан Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда үлкен іс-шаралардың басы-қасында болғанымды сағынышпен еске аламын. Жазушы Кәмел Жүністегі бастаған топ Шортанбай шығармашылығына қатысты ғылыми ізденістерді сараптап, ақын жинағын қайта бастырып, «Зар заман жыршысы» атты деректі фильм түсірді.
Осы тұста әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Мәдібаеваның 1995 жылы қорғаған «Зар заман ағымы және Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясы әдебиеттегі және шортанбайтанудағы елеулі жаңалық, қазақ ғылымына жолашар қадам ретінде зор құрметпен айтылып жатты.
Ұлттық руханиятқа қазақы көзбен қарай бастаған елдің егемендік алған тұсындағы бұл зерттеудің маңыздылығы сол, Шортанбай шығармашылығын екі ғасырдың тоғысында жаңа ғылыми арнаға бастаған тәуелсіз қадамының тұсауын кесіп, жаңа көзқарас қалыптастыруға сеп болды. Араға жылдар салып, ғалым апайымыз Шортанбай мұрасына қайта-қайта оралып отырды, ізденісін тоқтатпады.
2013 жылы Қанипаш Мәдібаеваның құрастыруымен «Ана тілі» баспасынан «Шортанбай Қанайұлы шығармалары» атты кітап жарық көрді. Жинақта ақын мұрасынан басқа сынды көрнекті ғалымдардың мақалаларды топтастырған болатын.
Егер әңгімені әріден бастасақ, шортанбайтануда Мұхтар Әуезовке тірелетініміз анық. Ұлы жазушының мына хатында айтылған: «Шортанбайдың тек-төркінін ашу керек. Бұл жәй әр заманда, әр елде болған діншіл пессимизм, мистика, ақырзаман мотиві арқасында туған. Осының Орта Азия мен жалпы Россия мұсылмандары арасындағы түбі-тегі, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметіне» барады. Қырғызда Молда Қылыш шығармаларында «Зар заман», «Тар заман», «Кер заман» деген сияқты сарындар туған. XVI ғасырда Орта Азияда Софы-Аллаяр сияқты талай мистик, пессимистер шыққан. Осының аяғы Қазақстанда 1916 жылғы Албан Асан шығармаларына шейін жетіп, өзінің әсерін тигізеді. Абай сол софылық сарынындағы ишандарға қарсы, өзінің «Ғақлият-Тасдиқат» деген «38-сөзінде», аса қатты сын айтады. Оларды «ахлітари-хат» деп, мистикалық жағынан шенейді. Яссауи Шортанбайлардың түп сарыны, кейде сол «түркі дүния» нанымына ауысады. Осы жайларды көп таратпаса да, аша сөйлеу қажет» деп жазғаны осыған дейін айта алмай келген мәселенің ұштығын шығарады» деген екен.
Ғұлама ғалымның жаңа туған сәбиге ит көйлегін теріс кигізгендей ойын айналдырып айтып, шындығын бүркемелегенімен ақын шығармашылығының әлі де терең үңілуді қажет ететін тұңғиығын меңзегенін түсінуге болады.
Мұндай міндетті ғалым Қанипаш Мәдібаева да жақсы түсінді. «Дәл қазір Шортанбай төңірегінде тарам-тарам болып, өрбіп кетер, ұшын ұстасаң ұшығына жеткізбестей қыруар шаруа тұр. Ең әуелі, Шортанбай мұрасына мазмұндық-тақырыптық, саяси әлеуметтік, көркемдік жақтан тұтас сипаттама беруге келу үшін, ақын ақиқатын ашу үшін оның әдеби мұрасын жиып-теріп тұтас қамтып, елеп-екшеуге күн ұзатпай кірісу қажет. Бұл – бірер шаруамен, қайсыбір жайдың басын шалумен біте қалмайтын ғылыми эстетикалық құбылыс» дейді.
Қанипаш Мәдібаева Шортанбай мұрасын жан-жақты зерттеуімен қатар алдағы уақыттағы жас ғалымдардың міндетін былайша ашып беріп отыр. «Осы тұрғыдан келгенде ақын мұрасын бағалаудағы негізгі шаруаның бірі – жарияланған, басылым көрген өлең-толғаулардағы жаңсақтықтарды айғақтауға ұмтылу. Яғни, мүмкіндігінше ақын мұрасының ғылыми текстологиясын жасау» деп көрсетеді.
Қ.Мәдібаева осы мақсатта біраз салыстыру, айғақтау жұмыстарын жүргізді. «Ғылым талабы, әдеби мұраға деген өркениетті талап тұрғысынан келсек, Шортанбай мұрасын ақтарып-төңкеруге, арнайы, мақсатты зерттеулерге мұқтажын бір еңбектің көлемінде өтеу мүмкіндігі шектеулі екендігін ескере отырып, ақын мұрасына зар заман ағымы, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі; әдебиеттегі діни сарын; жыраулық өнер ерекшеліктері; төңкерістен кейінгі басылымдар негізіндегі салыстыру, пайымдаулар; қайсыбір өмірбаян деректері аясында тоқталдық; міндетті түрде зерттеуді, тереңдетуді қажет етіп жатқан жайлардың қайсыбірін назарға ұсындық; арғы-бергіде әдебиеттану ғылымында ақын мұрасына берілген бағаның қыр-сырын, астар-айғағын, түрлі себептерін түйіндеп, тұжырымдауға ұмтылдық; ақын шығармаларына мазмұндық, белгілі бір дәрежеде көркемдік талдау жасадық; Шортанбай мұрасын зерттеудің қайсыбір келешек міндеттері жайлы ой қозғадық. Қазақ өлеңінің поэтикасы аясында Шортанбай өлеңінің жанр, түр ерекшелігін ашу, тұжырымдау, сатиралық элементтерге назар аудару да өз алдына арнайы зерттеуді қажет етеді» дей келе ұшан-теңіз жұмысты термелеп қорытындылайды.
Қанипаш апайдың шортанбайтанудағы алғашқы кандидаттық ғылыми еңбегін жазғалы отыз жылдан астам уақыт өтті, оның бер жағында да ақын мұрасына қатысты біршама дүниелер жазылып, ақын өміріне қатысты кейбір тұстары анықталып халыққа жетіп жатты. Соның бірі Шортанбайдың шын атының анықталуы және оның азан шақырып қойған аты – Әли-Мұхаммед екенін «Жанбайұлы үшбу дұғаны Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүниеде аман қылсын. Ақыретте иман үшін. Бұны жазушы: Ғали (Әли) Қожа. Оқығандардан иман дұға үшін. Шын атым Молла Ғали Мұхаммед. Қолымнан келгені осы» деп қолтаңбасы қалған дұғадағы дерек бойынша расталды.
Дегенмен, қазіргі күнде бұл тақырып сәл саябырсып, «зар заман ақындары» деген алтын қазынаны құрайтын ақын-жырауларымыздың мұрасы кем айтылып жүр.
Кезінде 1927 жылы М. Әуезов «Зар заман ақындары» деген атпен мақала жариялап, бұл бағытты жеке ағым ретінде қарастырды. «Зар заман деген – ХІХ өмір сүрген Шортанбай ақынның заман хәлін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман ақындары» деген ат қойдық. Бұл ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады» деп, атаусыз қалып бара жатқан ақындардың мұрасын жинақтап, халық қазынасын жыр сандыққа салып қойды.
Жазушының дуалы аузынан шыққан бір ауыз сөз сол кезеңдегі ақын-жыраулардың мұрасын топтап, оның шашауын шығармай бүгінгі кезеңге алып келуіне көп әсер еткенін айту керек. Қанипаш Мәдібаева да осы атауға оралып, М.Әуезов жүйелеуіндегі «зар заман әдеби ағымы» мынандай мәселелерді ажыратудан барып айғақталатынын сараптап берді.
Халық поэзиясының тағы бір соқталы түрі – зар заман (скорбная поэзия) мен толғау. Бұл өлеңдерде салт-сананың бұзылуы жырланады, халық өнерінің көне әдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен әкімдердің парақорлығы мен пәтуасыздығы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым-қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шырайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы, аштық, жұт, т.т. сөз болады; бұрынғы өмір мен ескі салт-дәстүрлер мадақталып, кейінгі өзгерістерге зар айтылады» дегендерді идеялық-тақырыптық жағынан зар заман ағымына жақындата беруге болатынын аңғарамыз. Мәдібаева зерттеулерінің ерекшелігі сол – Шортанбай бастаған зар заман ақындарының шығармашылығының әдеби сипатын анықтап, ғылыми негіздемесін жасады.
Алайда халық мұрасына заман мінберінен қараған ғалымдардың соңғы жылдардағы пікірлері зар заман ақындарының жаңа қырын айшықтауға көмектесіп, ой тастайды. Соның бірі ғалым Мекемтас Мырзахметов зар заман әдебиетін орыс отаршылдығына қарсы туған сипатына қарап: «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынады. Расында да, «әдебиет тарихында аса белгілі, алабөтен қалыпта пайда болған үлкен әдеби процесті, әдеби ағымды арнайы сөз етпеу, елемей қою – ғалым үшін қиянат» деп Қанипаш апай да бұл пікірдің негізсіз еместігіне мән береді. Қарап отырсаңыз, әртүрлі ғалымдар Шортанбай ақынның мұрасын өз биігінен қарай келе «тар заман» шеңберінен алып қарауға талпынғанын байқаймыз.
«Мұхтар Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқулығына енген «Зар заман ақындары» атты зерттеуі күні бүгінге дейін құнын жоймаған, ілгеріде де жоймайтын, жылдар көшінде, саясат желінің өтінде жоғалтқанымызды табуға тірек болатын, мәні зор еңбек» деп ғалымның атап көрсеткеніндей, Шортанбай (Әли-Мұхаммед) жырлары барша қазақтың жүрегінде жатталатыны анық.
Бұл тіректің күллі қазақ баласына баянды болып, рухани қазығына қайта айналар сәтінде де Шортанбай бастаған зар заман ақындарына жүгінетіміз анық. Бұл әсіресе ұлттық діңгегімізден ажырап, құндылықтарымыз жаһанданудың аш өзегіне жұтылып бара жатқанда қатты ойландырады. Зар заман ақындары деп тарих диірменінің үңірегіне иленіп кетуден бір сақтаса, оны келешек ұрпақтың несібесіне деп, сол ұрпақтың қажетіне деп қорғаған болар. Сол себепті де зар заман ақындары деген атаудың орнына қазақтың қырық құрым болған ұлттық құндылықтарын жақтаған ақындары десек орынды сияқты.