Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы жұмыс күні басталды. Бірінші сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев депутаттар алдында сөз сөйлеп, жаңа Құрылтайдың және жалпы еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады.
Президенттің жасампаз еңбекке басымдық бергені ерекше маңызды деп санаймын. Бүгінде Қазақстанға экономиканы күшейтіп, өңірлерді дамыту, мектептер мен ауруханалар, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салу, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру қажет.
Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, елдегі өзгерістерді жалғастыру туралы Мемлекет басшысының ұстанымын қолдаймын. Осындай кезеңде мықты мемлекеттік институттар, заман талабына сай заңнама және болашақты көздейтін салмақты шешімдер аса қажет.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар да күнделікті өмірімізге, экономикаға және еңбек нарығына жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан заңнаманы жетілдірумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғауға, ақпараттық қауіпсіздікке және әсіресе балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне айрықша мән беруіміз керек.
Бүгін мен Құрылтай депутаты ретінде ант бердім. Бұл мен үшін мәртебеден бұрын үлкен жауапкершілік. Қазақстан халқына адал қызмет ету, азаматтардың мүддесін қорғау және ел игілігі үшін еңбек ету менің депутаттық жұмысымның басты қағидасы болады!
Динара Райханова,
Құрылтай депутаты