Бүгін басталған жаңа оқу жылында Астана қаласының мектептерінде 337 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл елорда мектептерінің 1-сыныптарына 34 мыңға жуық бала қабылданып отыр.
Ал білім беру мазмұнына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарға «Заң мен тәртіп», 5-11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, оның мазмұны Жаңа Конституция қағидатына сәйкестенеді. Сонымен бірге жасанды интеллект білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен кіріктіріліп жатыр. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы мен мазмұны жаңарды. Сондай-ақ білім саласындағы өзгерістерге орай, 1 қыркүйектен бастап алғашқы әскери дайындық пәні жаңарған бағдарламамен өтеді.

Елімізде 1 қыркүйек Білім күні болып бекітілген. Әр жыл сайын бұл күнге қызу дайындық жүретіні белгілі. Жазғы демалыс бітіп, оқу процесі қайта басталады. Бұған ата-ана, оқушы, ұстаздар қауымы жалпы білім беру бағытындағы барлық сала қызметкерлері атсалысады.
Қандай өзгеріс бар?
Оқу-ағарту министрлігі мәліметіне сәйкес, елде 1 қыркүйекте 8 мыңнан астам мектепте сабақ басталады. Биыл 380 000-нан астам бала бірінші сыныпқа барады. Қала мектептерінде шамамен 191 000 бала, ал ауыл мектептерінде шамамен 128 000 бала оқиды. Көптен бері жауыр болған, ұстаздарды аттестациялау процесі де өзгермек. Бұдан былай жаңа ереже іске қосылады. Енді барлығы бірдей әбігерге түсіп, біліктілігін дәлелдеймін деп әуре-сарсаңға түсіп, тест тапсырып әлек болып қажет емес көрінеді. Енді тест емес, мұғалімнің дағдысы оның дәрежесін анықтамақ. Осылайша, педагогтар үшін міндетті пәндік тестілеу алынып тасталады. Бұл талап тек педагогикалық қызметке жаңадан келген мамандарға, жұмысын қайта бастаған мұғалімдерге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлеріне қатысты сақталады екен. Бұл – «Ұстаз» платформасы арқылы іске асырылады. Мұндай қадам құжаттық кедергіні артқа тастап, цифрлық мүмкіндіктердің тынысын ашуға бағытталады. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, белгіленген талаптарды орындаған педагогтарға тиісті біліктілік санаты бойынша қосымша ақы жаңа оқу жылының басынан бастап төленеді. Ал алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған педагогтарға қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Бұл өзгерістердің бәрі ұстаздардың біліктілігін шыңдауға көмектесетін жаңа жүйе деп сендіріп отыр жауапты министрлік. Ал мұның қалай боларын уақыттың өзі көрсетер.
Дайындық ойдағыдай
Бас қала – қашанда басқаларға үлгі-өнеге. Бұл – анық аксиома! Жаңа оқу жылы басталды. Демалыста жүрген, ауыл-аймаққа кеткен балалар оралып, оқу процесіне кірісті. Алда жаңарған білім кезеңі тұр.
Астана қаласы Білім басқармасының бізге берген деректеріне зер салсақ, 2026-2027 оқу жылына барлық білім беру ұйымдары жоспарлы түрде дайын.
Биыл Астана мектептеріне бірінші сыныпқа шамамен 34 мың төңірегінде бүлдіршін барады. Жалпы осы оқу жылында қала мектептерінде 337 мыңнан астам оқушы білім алады деген меже бар.
Кейінгі үш жылда елордада 100 мыңнан астам орынға арналған 44 жаңа мектеп ашылыпты. Соның 23-і Келешек мектептері. Биыл тағы 10 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың заманауи әрі жайлы мектептерде білім алуына жағдай жасайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында 38 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізу діттелді.
Мектептер мен балабақшалардың жылыту маусымына дайындығы бақылауда. Барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы кешенді түрде тексерілді. Интернеттің сапасы, қауіпсіздік жүйелері, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, санитарлық жағдай, тамақтандыруды ұйымдастыру және педагогтармен қамтамасыз ету мәселелері толық бақылауда. Материалдық-техникалық база да жыл сайын жаңартылып келеді. Мектептер қажетті пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген, ал биыл қосымша жаңа кабинеттер сатып алу жоспарланған. Оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етуге қажетті қаржы толық бөлінді.
Мемлекеттік мектептердің барлығы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Камералар мен дабыл түймелері Бірыңғай ахуал орталығы мен Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды.
Қазіргі таңда елорданың білім беру ұйымдарында 29 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Тамыз айында бос жұмыс орындарына конкурс арқылы жаңа педагогтар қабылдау көзделді.
Мектептегі тамақтандыру мәселесі де ерекше назарда. Барлық мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтылады. Жаңартылған мәзір енгізіліп, тамақ сапасына қоғамдық және сарапшылық бақылау күшейтілді.
Әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры арқылы әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектепке дайындалуға материалдық көмек берілді. Биыл оның мөлшері бір балаға 50 851 теңгені құрайды. Қаражат ата-аналардың шотына аударылып, олар мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын өз қажеттілігіне қарай сатып ала алуға мүмкіндік берілді. Мұндай игіліктер қаладағы білім ошақтарының ісін жандандырып, білім сапасын арттырып, замануи үдерістерді ескере отырып жасалды. Ең бастысы, бала – жайлы әрі алаңсыз ортада білім алса, қоғамға кәде.