Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz ҚР Үкіметінің Telegram-каналына сілтеме жасап.
Ол жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтар – әділдік, заң үстемдігі, адамға құрмет, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық жауапкершілік – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да басты негізі екенін атап өтті.
«Біз үшін айрықша маңызды өзгерістердің бірі – мәдениет, ғылым мен білімнің мемлекеттің стратегиялық басымдықтары деңгейіне көтерілуі. Конституцияда алғаш рет ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамыту мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітілді. Бұл – мәдениеттің енді тек рухани құндылық қана емес, қоғамдық тұтастықтың және елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі факторларының бірі ретінде танылғанын білдіреді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Сонымен қатар Конституция талаптарына сәйкес келтіру мақсатында тағы 18 заңға түзетулер жасалып жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстарды өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография бойынша, сондай-ақ Конституциядан тікелей туындайтын өзге де заңнамалық өзгерістер енгізілмек.