Жаңа Конституция цифрлық құқықты күшейтеді

Жаңа Конституция цифрлық құқықты күшейтеді
фото: t.me/Janakonstituciya/899

Жаңа Конституция азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауына және дербес деректерінің қорғалуына кепілдік берді. Бұл қағида қазір нақты заңнамалық және технологиялық шешімдермен толықтырылып жатыр. Цифрлық қызметтердің көлемі артқан сайын азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау да мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Осы бағытта Қазақстанда ауқымды цифрлық трансформация жүріп жатыр. «Digital Qazaqstan» стратегиясына сәйкес, 2029 жылға дейін ел экономикасына 16,5 млрд долларға дейін инвестиция тарту жоспарланған. Мемлекеттік қызметтердің 1200-ден астамы онлайн форматта қолжетімді. Осындай цифрландыру аясында азаматтардың жеке деректерін қорғау талаптары да күшейтіліп, ірі деректер базалары үшін қосымша қауіпсіздік тетіктері енгізілуде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң нәтижесінде Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне еніп, азаматтардың цифрлық құқықтары алғаш рет кешенді түрде заң деңгейінде бекітілді. Кодекс дербес деректердің заңсыз таралуы үшін жауапкершілікті күшейтіп, жеке мәліметтерге қол жеткізуге азаматтың келісімін бақылау тетіктерін жетілдіреді. Сондай-ақ Ұлттық бейнемониторинг жүйесін дамыту жалғасуда. Қазіргі талапқа сәйкес оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, террористік тұрғыдан осал объектілердің және қоғамдық әрі жол қауіпсіздігіне қатысты бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен қосылады.