Жуырда Астанадағы Ұлттық кітапханада ардагер спортшылардың бастамасымен жарық көрген «Өмір жолдары ұрпаққа өнеге» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жиын жай ғана жаңа кітаптың тұсауын кесу емес, ол ұрпақ сабақтастығының беріктігін көрсеткен, спорттың адам мен қоғам өміріндегі орнын жаңа қырынан пайымдатқан мағыналы кездесу болды.
Іс-шараны кітаптың жарыққа шығуына мұрындық болған «Ардагер» волейбол клубының президенті, спорт шебері, генерал-лейтенант Абай Тасболатов кіріспе сөзбен ашты. Салтанатқа ерекше шырай берген сәт – тоқсанның шыңына таяп қалған елорданың абызы, ішкі істер саласының құрметті қызметкері, генерал Өмірзақ ағамыз Болсамбековтің клубтың 15 жылдығына орай берген ақ батасы. Тоқсанға таяған ақсақалдың батасы – сөзден бұрын өмірімен дәлелденген өсиет.
Жиында Қазақстан Республикасы Ардагерлер волейболы федерациясының президенті, генерал Әсет Әділхан, ішкі істер әскерлерінің құрметті ардагері, генерал Дәулет Салханов, «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ғалым Саят Игісінов, профессор Есен Омаров, бір кездері еліміздің спорт агенттігін басқарған спорт шебері, ғылым докторы Тастанбек Есентаев, ҚР Құрылтайы аппаратының жауапты қызметкері Талғат Мусаев және басқа да қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Жиынға армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің жас курсанттарының қатысуы ерекше мәнді. Ертеңгі Отан қорғаушылар өз көзімен көрді: генералдар мен ғалымдар, жасы сексенге таяған ағалар әлі де алаңға шығып, допқа ұмтылады. Мұндай кездесу жүз рет айтылған насихаттан артық әсер етеді. Ол курсанттардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, өмірге деген жауапкершілігін оятары сөзсіз.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
мемлекеттік қызмет ардагері