Жаңа басшыға міндет жүктеді

Жаңа басшыға міндет жүктеді
фото: Aqorda

Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді.

Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатының орындалуына, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керек екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-­экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу, басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы тапсырма берді.

***

Ақорда Ермек Сағымбаевтың қызметтен кету себебін түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Телеграмдағы арнасында Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

«Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келді. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады» делінген хабарламада.

Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысының айтуынша, Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болған.

«Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді. Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды. Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды» деп жазды Айбек Смадияров.