Астанада 21 қараша күні еркін күрестен Wrestling Stars League халықаралық турнирі өтеді. Байрақты бәсекеде әлемнің 10 елінен қатысатын полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлері алғаш рет бір бозкілемде күш сынасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Халықаралық турнирге Олимпиада ойындарының, әлем, Азия, Еуропа және Америка чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысады.
Қазақстан намысын ІІМ-ніңның жетекші балуандары қорғайды. Олар 50 спортшы қатысқан іріктеу белдесулерінің қорытындысы бойынша халықаралық жарысқа жолдама жеңіп алған.
Турнир аясында 10 белдесу өтеді. Бозкілемде әлемдік деңгейдегі атақты балуандармен қатар кәсіби қызметінде күш-қайрат, төзімділік пен тәртіпті басты қағидаға айналдырған құқық қорғау органдарының қызметкерлері өзара мықтыны анықтайды.
Wrestling Stars League жобасының авторы Дәурен Жабасов бұл турнирдің өзіндік ерекшелігіне тоқталды.
– Біз алғаш рет 10 елдің полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлерін бір бозкілемде тоғыстырамыз. Олардың арасында әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бар. Бұл жай ғана турнир емес, нағыз мықтылардың бәсекесі болмақ. Көрермендерді тартысты белдесулер мен ерекше әсер күтіп тұр, – деді ол.
Жарыс Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының халықаралық ережелеріне сәйкес өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Wrestling Stars League халықаралық турнирі түрлі мемлекеттердің құқық қорғау органдары арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.