Астанадағы ÓzgeEpic Creative Hub кеңістігінде суретші Аршын Қабылбектің «Сары дақтың сапары» атты көрмесі ұсынылды. Бұл көрмені бір ғана тақырыпқа құрылған картиналар топтамасы деп қабылдау жаңсақ болар еді. Себебі мұнда уақыт, кеңістік, жалғыздық, рух, қоршау, қозғалыс, үнсіздік пен тыныштық секілді ұғымдар бір-бірімен байланысып, адамның ішкі әлеміне жасалған тұтас сапарды құрайды.
– Бұл – адамның сыртқы кеңістіктен ішкі кеңістікке, оқшауланудан қозғалысқа, жалғыздықтан тыныштыққа және уақытты өлшеуден оны сезінуге дейінгі ішкі сапарын зерттейтін көрме, – дейді автор.
Шынымен, көрме автордың бірнеше шығармашылық ізденісін бір кеңістікке жинақтаған. Бір қарағанда, әр серияның тақырыбы бөлек болғанымен, олардың барлығын адамның ішкі күйінің өзгеруі біріктіреді. Суретші бұл жолды сыртқы кеңістіктен ішкі әлемге, оқшауланудан қозғалысқа, жалғыздықтан тыныштыққа қарай жасалған сапар ретінде көрсетеді. Көрме атауындағы «сары дақ» та осы идеяның негізінде жатыр. Ол нақты бір затты немесе бейнені емес, адамның бойында қандай жағдай болмасын жоғалмай сақталатын ішкі күшті білдіреді. Бірде үміт, бірде сана, бірде рух ретінде көрінетін бұл нүкте қараңғылықтың арасынан пайда болып, жоғалып, қайта оралып отырады.
«Сары дақтың сапары» осы ішкі өзгерісті әртүрлі серия арқылы ашады. «Рух» жұмыстарында адамның еркіндікке ұмтылысы мен қараңғылықтан жарыққа қарай қозғалысы бейнеленсе, «Жалғыздық эволюциясында» жалғыз қалу адамның өз болмысымен бетпе-бет келетін кезеңі ретінде көрсетіледі. Яғни жалғыздық мұнда соңғы нүкте емес, адамның өзін тануына бастайтын мүмкіндік ретінде қарастырылады.
«Ішкі тыныштық» пен «Үнсіздік» серияларында адамның мазасыздықтан арылып, ішкі үйлесімге келу үдерісі көрініс табады. Қою түстер арасынан көрінетін жылы реңктер үміт пен сананың тазаруын аңғартса, ирелеңдеген сызықтар адамның ішкі толқынысын жеткізеді.
Көрмедегі «15 тәулік» сериясы автордың жеке тәжірибесіне негізделген. 15 тәулік бойы сыртқы ақпараттан оқшауланып, уақытты сағатпен емес, ішкі ырғақпен сезінуге тырысқан суретші осы кезеңдегі көңіл күйін шығармаларына арқау еткен.
– «15 тәулік» уақыт туралы емес. Бұл уақытты сезіну туралы, – дейді Аршын Қабылбек.
Ал «Қоршау» инсталляциясы адамның сыртқы және ішкі әлемі арасындағы шекараны көрсетеді. Қоршау мұнда бір жағынан шектеу болса, екінші жағынан адамның өз кеңістігін қорғауының белгісі. Онымен байланысты «Қозғалыс» перформансында суретшінің қоршау ішінде қозғалып, кейін тоқтап, сол сәттегі ойын оның бетіне түсіруі адамның ішкі ізденісін бейнелейді.
Осы жұмыстардың барлығы бір-бірін толықтыра отырып, көрерменді қозғалыстан тоқтауға, ойдан үнсіздікке, ал үнсіздіктен уақытты сезінуге алып келеді. Автордың айтуынша, өзгеріп тұратын уақыт, кеңістік пен жалғыздықтың арғы жағында адамның жоғалмайтын ішкі жан әлемінің тұғыры бар.
Осылайша, «Сары дақтың сапары» көрерменге дайын жауап ұсынудың орнына, керісінше, әр адамды өз ішіне үңіліп, өзгермелі әлемнің арасында жоғалмай сақталатын өз «сары дағын» іздеуге жетелеп тұрғандай.