Елордада Республика күніне орай Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі мен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық киімдері мен дәстүрлі қолөнерін зерттеп, қайта жаңғыртып жүрген танымал этнодизайнер, кестеші Тілек Сұлтанның «Ең әдемі киім – ұлттық киім» атты жеке ұлттық-этнографиялық көрмесі ашылды.
ЮНЕСКО-ның сапа белгісінің иегері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Тілек Сұлтанның негізгі шығармашылығының шоқтығы – біз кесте өнері. Соңғы жылдары қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімі – кимешекті арнайы зерттеп, қайта қалпына келтіріп, елімізде кимешек кию дәстүрінің жолын ашты деуге болады. Ұлттық киімдердің өңірлерін кестемен безендіріп, түрлендіре түскен этнодизайнердің ерекшелігі – ұмыт болған жәдігерлерімізді сол қалпында жаңғыртуында. Шебердің жеке қорындағы жарғақ шапан, кестелі шалбар, тымақ сияқты құнды киімдер көрмеге келгендердің көзайымына айналды.

Көрмедегі көз тартар киімдердің бірі – белдемше. Ол қазақ, қырғыз әйелдеріне ортақ. Жетісу, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кеңінен тараған. Арқа қазақтарының аң терісімен астарланған өзгеше белдемшелері болған. Алтай-Тарбағатай, Баркөл өңірлерінде де белдемшенің өзгеше нұсқалары сақталған. Белдемшенің ең алғашқы нұсқаларын сарбаздар темір сауыттың ішінен жылулық үшін киген деген деректер бар. Бүгінде ұлттық киім өз иесін тапты деуге болады. Соның дәлелі, белдемше киген қыз-келіншектер көрменің көркін кіргізсе, шебердің қолынан шыққан құндызбен әдіптеліп, кестемен көмкерілген белдемшелер көрменің басты жәдігері ретінде төрге қойылған.
Қазақ әйелдерінің етегіне желбір салмайтын, кең пішілмейтін бүрме көйлегі де көрмеге қойылды. Оның үстінен киетін камзол – Қостанай өңірінің үлгісі бойынша жаңғыртып жасалған Тілек Сұлтанның таңдаулы жұмысы. Әшекейлері толығымен XIX ғасырға тән. Антиквариат оқа және зер шашақпен әрленген. Көрменің көз тартар бөлігі – «қызай кимешектер». Тілек Сұлтанның кимешек туралы мәліметтерінің өзі этнографияға қосылған олжа деуге болады. Ол кимешек киген әйелдің жас мөлшерін, тұрмысын, әлеуметтік дәрежесін де анықтауға болатынын айтып жүреді. Кимешекке келгенде басты назарға алатын нәрсе – жақ кестесі. Жас келіншектердің кимешектері түрлі түсті жіппен оюланған, монша-тана таққан сәнімен келісті келеді. Егде тартқан әйелдердің «саржақ» аталуы киген кимешегіне байланысты келеді екен. Кимешектің сары түсті зері – соның айғағы. Тілек Сұлтанның қолынан шыққан кимешектердің көркін кіргізетін элемент – күндік. Ол кимешек үстінен орауға ақ мәлмәл матаны пайдалануға кеңес береді. Бір кимешекке жеті метрдей мата кеткенімен, салмағы өте жеңіл, әрі кетсе жарты келіге жетпейді екен. Бұл да көп білмейтін маңызды дерек.

Бұл көрменің басты экспонаты – сәукеле. Сәні келіскен қалыңдықтың бас киімі Жетісу өңірінің нұсқасымен жасалыпты. Күрең барқыт, ақ жібек торғын, оқа, зер шашақ, құндызбен жиектелген. Құлақбауы мен желкелігі, желегі біз кесте техникасымен кестеленіп, ерекше көрік беріп тұр. Тобыққа түсетін артқы бойы – желегі төгіліп, ортасынан құлаған желке бауы көз тартады. Бұл киім алғаш рет көрмеге қойылып отыр.
– Көрменің тақырыбы мазмұнын ашып, қазақтың ұлттық киімдері: етіктен бастап бас киіміне дейін қойылды. Бұл жерде XIX-XX ғасырларда киілген көне жәдігерлерден бастап өз қолымнан жаңғырып шыққан киімдерге дейін бар. Кішкентай балаларға арналған, ата-әжелеріміздің иығынан түскен, хандар киген «қоқыр» деп аталатын бас киімдер көрмеге қойылды. Қазақ этнографиясы шексіз кеңістік қой. Әлі де жасайтын, жаңғыртатын жұмыс өте көп. Алғаш рет елордада бастау алған көрмеміз еліміздің басқа орталықтарында жалғасса деген жоспарымыз бар, – дейді этношебер Тілек Сұлтан.
«Ең әдемі киім – ұлттық киім» ұлттық-этнографиялық көрмесінің есігі бір ай бойы келушілерге ашық. Қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін тамашалап қана қоймай, мың сан қырына үңіліп, астарындағы тарихты, халқымыздың дүниетанымын, қазақ қоғамындағы әрбір адамның қадірлі орнын танып-білуге болатын мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.