Мемлекеттік қолдау жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталуы керек

Мемлекеттік қолдау жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталуы керек
фото: жеке мұрағатынан

Инвестиция ел экономикасын күшейтуі керек. Ол үшін бізге қандай өндірістер қажет екенін, олардың өнімін қай нарыққа шығаратынын және мемлекеттік қолдаудың қандай нәтиже беретінін нақты түсіну маңызды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан инвестиция тартудың біртұтас жүйесін қалыптастыру және мемлекеттік органдардың қайталанатын өкілеттіктерін реттеу жөніндегі ұстанымын толық қолдаймын. Қара және түсті металлургия өндірісінен шыққан, үш ірі өнеркәсіптік жобаны іске қосуға қатысқан маман ретінде білемін: әр кәсіпорынның артында күрделі есеп, инфрақұрылым, технология, білікті кадрлар және үлкен жауапкершілік тұр. Зауытты салмай тұрып, оның өнімін кімге, қайда сататынымызды анықтауымыз керек.

Сондықтан мемлекеттік қолдау көрсеткенде қолданыстағы өндіріс қуаттары мен нарықтағы нақты сұраныс міндетті түрде ескерілуі тиіс. Бәсеке даму үшін қажет. Бірақ ішкі нарықта сұраныс шектеулі кезде мемлекет қолдауымен бір-бірінің өнімін қайталайтын өндірістер ашу — тәуекел. Салдарынан жұмыс істеп тұрған кәсіпорын да, жаңа жоба да әлсіреуі мүмкін. Олар шектеулі нарықты, шикізат пен мамандарды өзара бөлісіп, салынған қаражат күткен нәтиже бермейді.

Мемлекеттік қолдау жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталуы керек: импортқа тәуелділікті азайтуға, шикізатты терең өңдеуге, кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамытуға және экспортқа шығуға.  Біртұтас инвестициялық саясат салаларды жан-жақты талдауға және нәтиже үшін нақты жауапкершілікке сүйенуі қажет. Кәсіпорынның болашақ жүктемесін, жұмыс орындарының тұрақтылығын, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін алдын ала бағалау маңызды. Депутат ретінде осы ұстанымды жауапты өнеркәсіптік саясаттың негізі деп санаймын. Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге қуатты өндірістер құруға және Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға көмектесуі тиіс.

Бекжан Айтқұлов, 

Құрылтай депутаты