Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары талқыланды

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары талқыланды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланған форум өтті. Жиынға елорда мектептерінің психологтары мен тәрбие жұмысына жауапты мамандары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Жыл басынан бері елордалық полиция білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы бағытта оқушылармен кездесулер өткізіліп, дәрістер мен ашық әңгімелер ұйымдастырылып жүр. Сондай-ақ жасөспірімдердің есірткі қылмысына тартылуына жол бермеу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте балалармен жұмыс істеумен қатар, олармен күнделікті араласатын ересектермен де тығыз байланыс орнату маңызды.



Форумға қатысушылар жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қазіргі жағдайын талқылап, жыл басынан бері тіркелген кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың нақты деректерін қарастырды. Сондай-ақ жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге баруына ықпал ететін жағдайларды саралады.

Оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістер мен алаңдаушылық тудыратын белгілерді ерте анықтауға, сондай-ақ педагогтер мен мектеп психологтарының дер кезінде әрекет етуіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға профилактикалық жұмысты қалай ұйымдастыру, қандай белгілерге мән беру және ықтимал қауіптердің алдын алу жолдары түсіндірілді.

Талқылаудың тағы бір бағыты ата-аналармен өзара байланыс орнатуға арналды. Есірткі қаупі туралы шынайы ақпарат тарату, оның ықтимал салдарын түсіндіру және отбасыларды дер кезінде хабардар ету үшін ата-аналар жиналыстарын, сыныптық және жалпы мектеп чаттарын белсенді пайдалану қажеттігі айтылды.

Ата-аналар да бұл мәселеге бейжай қарамай, баланың мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерді байқап, көмекке қайда жүгіну керек екенін білуі маңызды.

Форум ашық кәсіби диалог форматында өтті. Мектеп өкілдері профилактикалық жұмысты күшейту, ата-аналармен тұрақты өзара байланыс орнату және полициямен өзара іс-қимылды жолға қою жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.