Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан сонау 1991 жылы дүниеге келгендер бүгінде орда бұзар жастан асып, оң-солын танып, 35-ке қадам басты. Олардың басым бөлігі еліміздің әр өңірінде түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына еселі үлес қосып жүр. Егемен елдің айбынды ұландары арасында жетістіктерімен көпке үлгі болғандар аз емес. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас осындай белсенді жастардың бірі – Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімінің кеңесшісі Әсемгүл Абсадыққызы.
Ақмола облысы Жақсы ауданының Қима ауылында туып, Ғ.Әбдірахманов атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне түсіп, оның тарих және заңтану факультетін үздік дипломмен аяқтаған ол алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен ауылда тарих, құқық пәндерінен мұғалім болып еңбек етуден бастады. Одан әрі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің экономика және бизнес факультетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша үздік дипломмен, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген жас маман жаратылыстану ғылымдарының Чехия университетінде «менеджмент» бойынша шетел тағылымдамасынан өтіп, «экономика ғылымдарының магистрі» атағын алады.
Арманы асқақ қыранның алысқа самғайтыны секілді, Әсемгүл де ел игілігі жолында еңбек етуді бала күнінен алдына мақсат етіп қояды. Ауылда өскен арманшыл қыз 2014 жылы бас қалаға білімін жетілдіріп, магистратураға түсу үшін келгенін, содан бері, міне, арада бір мүшелге жуық уақыт өте шыққанын, оқуын бітірген соң арманына қол жеткізу үшін осында қалып, мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке кіріскенін, елорданың алдымен Есіл, кейін Байқоңыр аудандарында баспасөз хатшысы қызметтерін атқарғанын айтты. Бүгінде ол – Сарайшық ауданы әкімінің кеңесшісі.
– Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін биік мәртебе әрі зор жауапкершілік жүктейді. Ел дамуына әр адам өз мамандығы бойынша адал, таза үлес қосуы керек. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолымда Астананың үш ауданында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар. Осы жылдар ішінде қаланың қалай өзгеріп, дамып келе жатқанын, жаңа жобалардың жүзеге асырылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып жатқанын өз көзіммен көріп келемін. Менің ойымша, болашақ Астана тек зәулім ғимараттар мен заманауи инфрақұрылымы дамыған қала ғана емес. Ең алдымен, бұл тұрғындарына жайлы, мүмкіндігі мол, қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы шаһар болуы керек. Астананың болашағы зор деп сенемін. Ең бастысы, қаланың дамуы адам игілігіне бағытталып, әрбір тұрғын өзін осы қаланың бір бөлшегі ретінде сезінуі қажет. Жұмысым мемлекеттік органдардағы ақпарат саласы болғандықтан, мемлекет пен халық арасындағы көпір іспеттес. Астананың әр көшесі, әр саябағы жаныма тым жақын, сондай таныс, сондай жылы болып көрінеді. Елорданың дамуына аз да болса үлес қосып жатсам, оны үлкен мақтаныш етер едім, – деді Әсемгүл Абсадыққызы.
Оның арманы – еліміздің еңсесін, халқымыздың рухын көтеретін игі істер атқарып, туған жеріне, еліне пайдасын тигізу. Келешегін елорданың ертеңімен байланыстыруды қалайды. Астананың қазіргі заман талабына сәйкес шаһарға айналуы үшін қызмет етер білікті маман болып шығуды ойлады. Мемлекетімізде халыққа жасалып жатқан жағдайдың арқасында өз басы грант иегері атанып, бакалавр мен магистратурада тегін білім алды. Енді сол алған білімімен еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Нәтижесінде осы арманы орындалып жатқандай.
– Азат, тәуелсіз, еркін елде өмір сүру, онымен бірге өсу, даму, оның жетістіктерін мақтан тұту – ерекше сезім әрі үлкен бақыт. Өзімнің бірінші мамандығым тарихшы болғандықтан, көптеген тың ақпаратпен жұмыс істедік, оқыдық, зерттедік. Сондықтан болар, тәуелсіздіктің ата-бабаларымыз үшін қаншалықты қымбат болғанын, қаншалықты оны аңсап өткенін тереңдей ұғынуға мүмкіндік болды. Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз: өз елімізде, өз жерімізде. Бұдан асқан бақыт жоқ шығар! – деді Әсемгүл Абсадыққызы.
Білімі арқылы басқалармен бәсекеге түсе алатындай қабілетті қызметкер талай додада топ жарды. Болашақта Астананың одан бетер гүлденуіне үлес қоссам дейді. Елімізде татулықтың туы желбіреп, берекелі, бақытты, зайырлы, азат елге айналатынына сенеді. Дамылсыз даму үстіндегі қаламен бірге өсіп, бой түзеп, есейіп келе жатқанына қуанады. Қуанышы ұзағынан болғай!