Қазақстан қолжетімді стоматологиялық қызметтерімен шетелдіктерді тартуда

Қазақстан қолжетімді стоматологиялық қызметтерімен шетелдіктерді тартуда
фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстан медициналық туризмнің танымал бағыттарының біріне айналып келеді. Әсіресе шетел азаматтарын еліміздегі қолжетімді әрі сапалы стоматологиялық қызметтер қызықтырады. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, Қазақстанға шетелдің алыс-жақын елдерінен азаматтар келіп, стоматологиялық қызметтерді пайдаланып жүр. Себебі кейбір мемлекеттерде тіс имплантын орнату құны бірнеше мыңнан ондаған мың долларға немесе еуроға дейін жетеді. Вице-министр бұл ретте Қазақстан стоматологтары қауымдастығының деректеріне сүйенді.

«Қазақстанда тексеруден өту немесе имплант орнату әлдеқайда арзан. Сонымен қатар стоматологиялық қызметтердің сапасы жағынан шетелдік клиникалардан еш кем түспейміз», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Журналистер шетел азаматтары тарапынан сұраныстың артуы жергілікті тұрғындар үшін стоматологиялық қызмет құнының өсуіне әкелуі мүмкін бе деген сауал қойды. Вице-министр бұл бағытта алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

«Керісінше, шетел азаматтарының келуі артқан жағдайда стоматологиялық кабинеттерде жұмыс істейтін мамандардың лайықты табыс табуына мүмкіндік көбейеді деп есептейміз. Бұл орта медициналық персоналға да, дәрігерлерге де қатысты», – деп түсіндірді ол.

Вице-министрдің пікірінше, стоматология саласындағы қосымша табыс медицина жүйесінің басқа бағыттарына түсетін жүктемені азайтуға да ықпал етуі мүмкін. Бұдан бөлек, стоматология саласына қаржыландырудың жаңа көздерін тарту жоспарланып отыр. Жалпы, медициналық туризмді дамыту ел экономикасына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Шетел азаматтарының медициналық қызметтерге қызығушылығының артуына байланысты «медициналық туризм» ұғымын заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланып отыр. Сонымен қатар шетелден емделу мақсатында келетін азаматтарға медициналық қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібі жеке реттелмек.

Құрылтай отырысында сөз сөйлеген Тимур Сұлтанғазиев бұл шара отандық клиникалардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жол ашатынын атап өтті. Сонымен бірге Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала беретінін жеткізді.