Астанада World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден Әлем кубогының қорытынды кезеңі аяқталды. Қазақстанда алғаш рет өткен халықаралық турнирге әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы қатысты. Шетелдік қатысушылар жарыстың ұйымдастырылу деңгейін, елорданың спорт инфрақұрылымын және қазақстандықтардың қонақжайлығын жоғары бағалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Беделді турнирге Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем рекордшылары және ірі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары қатысты. Олардың қатарында Кэмерон Макэвой (Аустралия), Шивон Хоги (Гонконг), Цинь Хайян (Қытай), Карсон Фостер (АҚШ), Каспар Корбо (Нидерланд), сондай-ақ Маррит Стенберген мен Шон Ниволд (Нидерланд) бар.
Астанада өткен Әлем кубогының кезеңінде алтын медальдар жеңіп алып, World Aquatics Swimming World Cup 2026 жарысының жалпы есебінде топ жарған оңтүстікафрикалық жүзуші Питер Кутзе Қазақстанға жасаған сапарынан алған әсерімен бөлісті.
Қазақстан астанасына сапары барысында спортшы алғаш рет атқа мініп көріп, жергілікті дәстүрмен танысқан.
«Фермаға барып, атқа міну мүмкіндігі туғанына қатты қуандым. Ол қаладан көлікпен шамамен 15 минуттық жерде орналасқан екен. Мен алғаш рет атқа міндім. Үш сағат бойы атпен серуендедік. Содан кейін аяғым бір аптаға жуық ауырып жүрді, бірақ соған тұрарлық әсер алдым. Қазақстанда әдемі жылқылар, көркем таулар, көлдер мен фермалар көп екенін білемін. Осының бәрін өз көзіммен көріп, ерекше әсер алғым келді», – деді спортшы.
Питер Кутзе жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және елорда тұрғындарының жүзу спортына қызығушылығы зор екенін де атап өтті.
«Спорт кешені керемет, жанкүйерлер тамаша, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Жарысты тамашалауға осыншама көп адамның келгені мені шынымен таңғалдырды. Әсіресе, жүзу бәсекелерін зор қызығушылықпен бақылаған балаларды көріп қуандым. Бұл жүзу спортының болашағы үшін өте маңызды», – деп әсерімен бөлісті Әлем кубогының жеңімпазы.
Астанадағы кезең Баку мен Ташкентте өткен жарыстарды да қамтыған Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңі болды. Үш кезеңнің нәтижесі бойынша Әлем кубогының жалпы есебіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Чемпиондар 100 мың АҚШ долларынан, күміс жүлдегерлер 70 мың доллардан, ал қола жүлдегерлер 30 мың доллардан қанжығалады.
World Aquatics Әлем кубогының кезеңдері спортшыларға ірі халықаралық жарыстарға жолдама алуға мүмкіндік беретін ресми іріктеу жарыстарының қатарына кіреді. Silk Road Tour сериясы сондай-ақ желтоқсан айында Бейжіңде өтетін қысқа қашықтықтағы (25 метрлік) жүзуден әлем чемпионатына дайындықтың маңызды бөлігіне айналды.