Бельгиялық «Travel Tomorrow» беделді халықаралық туристік басылымында Қазақстанның туризм саласын дамыту, инфрақұрылымға салынған инвестициялар мен халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге арналған сараптамалық мақала жарық көрді., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Материалда Дүниежүзілік экономикалық форумның 2026 жылғы Туризм мен саяхатты дамыту индексінде (TTDI) Қазақстанның көрсеткіштері жақсарғаны атап өтілген. Әсіресе туристік қызметтер мен инфрақұрылым (+22,7%), әуе көлігі инфрақұрылымы (+10,3%), ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дайындығы (+5,0%) және қауіпсіздік (+4,0%) бағыттары бойынша айтарлықтай өсім тіркелген. Сонымен қатар, еліміз баға бәсекеге қабілеттілігі бойынша әлемде 2-орынды, ал туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері бойынша 7-орынды иеленіп отыр.
Автор 2025 жылы Қазақстанға 15,7 миллион шетел азаматы келгенін, оның ішінде Үндістан, Қытай, Еуропа, Оңтүстік Корея, АҚШ және Парсы шығанағы елдері негізгі нарықтардың біріне айналғанын жазады. Мақалада ел өңірлерінің ерекшеліктеріне де тоқталып, Астана – MICE туризм, Алматы – экотуризм, Бурабай – сауықтыру демалысы, Шығыс Қазақстанның туристік мүмкіндіктері және Түркістан – мәдени-рухани мұра ретінде сипатталған.
Бұдан бөлек, басылым 2026 жылы Маңғыстаудың жер асты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан епе) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілгенін ерекше атап өтеді.
«Инфрақұрылымды дамыту, халықаралық байланыстарды кеңейту және TTDI индексіндегі өзгерістердің жиынтығы елдің бүгінгі бәсекеге қабілеттілігін әрі таяу болашақтағы даму бағыттарын айқындауға берік негіз болады», – деп атап өтеді автор Мартин Бэнкс.
Сондай-ақ, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әуе жолаушыларының ағыны 11 миллион адамға жетіп (+3,8%), 30-дан астам елмен 161 бағыт бойынша аптасына 900-ге жуық рейс орындалып жатқаны хабарланды. Ағымдағы жылдың 30 қарашасында Air Astana әуе компаниясы Алматы – Токио (Нарита) бағыты бойынша тікелей рейсті іске қосуды, ал 2027 жылы АҚШ-пен әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен және туризм саласындағы халықаралық басылымдармен тығыз байланыс орнату Қазақстанның еуропалық нарықтағы танымалдылығын арттыруға және елімізге деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыруға септігін тигізеді.
Анықтама:
Travel Tomorrow — Брюссельде орналасқан, жаһандық туризм, саяхат және транспорттық инфрақұрылым саласын қамтитын беделді халықаралық медиа-платформа. Басылымның аудиториясы жылына 2 миллионнан астам бірегей оқырманды құрайды.