Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы мен бүгінгі даму жолы – халқымыздың бірлігі, табанды еңбегі және болашаққа деген сенімінің нәтижесі. Республика күні – мемлекеттігіміздің мәнін терең түсініп, елдік мұраттарымызды бағамдайтын, өткенімізге тағзым етіп, келешегімізге көз жүгіртетін маңызды тарихи күн.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық аренада өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Еліміздің жетістіктері мен абыройы – барша азаматтың ортақ мақтанышы. Қоғамдағы келісім мен тұрақтылық, ұлттар арасындағы татулық, жасампаз еңбек пен өзара қолдау мемлекеттің дамуына негіз болып келеді.
Кәсіпкер ретінде мен елдің өркендеуін экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, халықтың әл-ауқатымен, азаматтарға жасалған мүмкіндіктермен және қоғамның болашаққа деген сенімімен өлшеймін. Кәсіпкерліктің міндеті – жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамыту ғана емес, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Ал меценаттық пен қайырымдылық – осы жауапкершіліктің маңызды көрінісі.
Менің пайымдауымша, елге қызмет ету әр азаматтың өз саласында адал еңбек етуінен, айналасына қолдау көрсетуінен және ортақ іске үлес қосуынан басталады. Әсіресе, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, жастардың әлеуетін жүзеге асыруына, әлеуметтік бастамалардың қолдау табуына жағдай жасау – болашаққа бағытталған маңызды инвестиция. Себебі елдің ертеңі бүгінгі ұрпаққа берілген мүмкіндік пен жасалған жағдайға тікелей байланысты.
Бүгінде алдымызда Әділетті Қазақстанды қалыптастыру, экономиканы нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әр адамға өз мүмкіндігін жүзеге асыруға жол ашу секілді маңызды міндеттер тұр. Бұл мақсаттарға мемлекет пен қоғамның, бизнес өкілдері мен азаматтық сектордың өзара ынтымақтастығы арқылы қол жеткізуге болады.
Республика күні – тәуелсіздіктің қадірін терең сезініп, ел алдындағы жауапкершілікті жаңаша пайымдайтын күн. Отанға деген сүйіспеншілік құр сөзбен емес, нақты іспен, адал еңбекпен және қоғам игілігіне бағытталған бастамалармен өлшенеді.
Мен үшін туған елдің дамуына үлес қосу, кәсіпкерлік әлеуетті қоғам игілігіне бағыттау және ізгі бастамаларды қолдау – азаматтық ұстанымның ажырамас бөлігі. Қазақстанның жарқын болашағы әрқайсымыздың бүгінгі ісімізге, ортақ жауапкершілігімізге және ел тағдырына бейжай қарамауымызға байланысты.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, еліміздің келешегі кемел болсын!
Хатам Шавхиев,
елордалық кәсіпкер, қоғам белсендісі