VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елордалық спортшылар 8 медаль жеңіп алды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елордалық спортшылар 8 медаль жеңіп алды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Астана спортшылары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 8 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Елорда өкілдері тоғызқұмалақтан, дәстүрлі садақ атудан және жілік сындырудан командалық жарыстарда жүлдеге ие болды.

Тоғызқұмалақтан Биғали Зікірияев командалық есепте алтын, жекелей сында күміс медаль жеңіп алды. Әйелдер арасындағы жарыста Құндыз Есіркеп пен Гүлнәр Базаралиева командалық есепте күміс жүлдегер атанса, жекелей сында қола медаль иеленді.

Дәстүрлі садақ атудан «Орталық Азия» дисциплинасында Айкөркем Батихан күміс медаль жеңіп алды.
Жілік сындырудан командалық жарыста Әмірбек Жұмаділ Қазақстан құрамасының сапында қола жүлдеге ие болды.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана спортшыларының қоржынында 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар. Елорда өкілдері жалпыкомандалық есепте I орын алған Қазақстан құрамасының жеңісіне өз үлесін қосты.