Астананың туған күні қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша «Астана Тазалық» ЖШС «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауын өткізіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан журналистер мен блогерлерді марапаттады. Салтанатты жиын «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – жұртшылықтың назарын экологиялық мәдениет мәселелеріне аудару, елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау, сондай-ақ Астана қаласының, оның қала маңындағы аумақтары мен елді мекендерінің санитариялық жағдайын жан-жақты жариялауға БАҚ өкілдерін, блогерлерді жұмылдыру.

Биыл төртінші рет өтіп, екі айға созылған байқауға БАҚ өкілдері мен блогерлерден 142 авторлық жұмыстар келіп түскен. Өткен жылы бір айда 112 материал қабылданған. Демек, жыл сайын байқауға деген қызығушылық артып келеді. Қазылар алқасының мүшелері телевизиялық сюжеттерді, республикалық және өңірлік басылымдардағы мақалаларды, интернет-платформалар мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарды барынша әділ саралап, бағалаған.
Салтанатты рәсімде «Астана Тазалық» ЖШС Бас директоры Альберт Есалиев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамытуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық бастамаға айналғанын атап өтті.

– Күні кеше ғана қолданысқа енген жаңа Конституция еліміздің әділетті әрі орнықты дамуының жаңа кезеңін айқындап елорда мәртебесі, Қазақстанның саяси, әкімшілік және қоғамдық орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін тағы бір мәрте бекітті. Осындай маңызды кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясының мәні одан әрі арта түседі. Президентіміз тазалық әрбір адамның өзінен басталатынын бірнеше мәрте атап өтті. Тазалық – бұл тек қалалардың санитариялық жағдайы ғана емес, сонымен қатар мәдениеттің, жауапкершіліктің және өз үйіне, өз қаласына, өз еліне деген құрметтің көрсеткіші. Бүгінде қоғамда экологиялық сананы қалыптастыру аса маңызды. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше», – деді Альберт Есалиев.
Байқау жұмыстары мынадай өлшем-шарттар бойынша бағаланды: тақырыптың өзектілігі және қоғамдық маңыздылығы; материалдың мазмұнын ашу тереңдігі мен ақпараттың нақтылығы; материалды ұсыну сапасы, баяндау стилі мен логикалық құрылымы; авторлық көзқарас пен шығармашылық ерекшелік. Қазылар алқасының құрамына елімізге танымал, өте тәжірибелі және беделді БАҚ өкілдері еніпті. Бағалау қорытындысы бойынша экологиялық мәдениет, қала тазалығы және коммуналдық қызметкерлердің еңбегінің маңыздылығын жан-жақты әрі кәсіби деңгейде ашқан үздік жұмыстар анықталған.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Төрт номинация және арнайы жүлде бойынша жеңімпаздар мыналар деп танылды:
«Үздік телевизиялық материал» номинациясы:
I орын – Назгүл Пахман, «Хабар» телеарнасы;
II орын – Арнат Байсейітов, «Атамекен» телеарнасы;
III орын – Ильяс Рамазанов, «Алматы» телеарнасы.
2. «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациясы:
I орын – Аида Батухан, baq.kz;
II орын – Томирис Қазыбекова, DE Media;
III орын – Сапарғали Қанат, qrnews.kz.
3. «Баспасөздегі үздік мақала» номинациясы:
I орын – Баян Сүйеуова, «Egemen Qazaqstan» газеті;
II орын – Юлия Мендецкая, «Вечерняя Астана» газеті;
III орын – Асель Тимирова, «Казахстанская правда» газеті.
4. «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы:
I орын – Нұрдәулет Кәкіш, eldainfo.kz сайты;
II орын – Айым Сәдуақасова, baq.kz сайты;
III орын – Айнұр Тұмақбаева, kazinform.kz сайты.
Арнайы жүлде:
Төлен Тілеубай - Astana akshamy газеті.
«Астана Тазалық» ЖШС өкілдерінің айтуынша, «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауын жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама алдағы уақытта да экология, тазалық, еңбек және қалалық инфрақұрылымды дамыту тақырыптарын көтеретін журналистер мен блогерлерді қолдауға, сондай-ақ қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары және коммуналдық қызметтер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталмақ.
Аружан Есенгелді